Президент жалпыұлттық құндылықтардың нақты тізімін ұсынды – Ерлан Қарин

Автор: Мира Байбек

Оның айтуынша, бұл құндылықтар тұғырнамасы мемлекеттің басты бағдары болады

Фото: t.me/aqorda_resmi

«Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен отырысының басты ерекшелігі – Мемлекет басшысы осыған дейін айтқан идеологемаларды қорыта келе, жалпыұлттық құндылықтардың нақты тізімін ұсынғанында». Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Telegram каналында осындай пікірін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

«Бұл – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Осы құндылықтар тұғырнамасы мемлекеттің білім беру саласындағы, өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі және мәдени-ағарту жұмысындағы басты бағдары болады», - деп жазды Ерлан Қарин желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, бұл құндылықтар қазіргі кездегі идеологемаларды ғана емес, сонымен бірге бәріміз қалыптастыруға тиіс жаңа әлеуметтік этиканың контурын айшықтайды.

«Мемлекет басшысы құрылтайда сөйлеген сөзінде «Біздің алдымызда үш айрық жол тұр: құлдырау, тоқырау немесе өрлеу. Біз әрдайым өрлеуді таңдаймыз» деді. Өрлеуге ұмтылу – елдің дамуына кедергі келтіретін барлық нәрседен бас тартуды ғана емес, барша азаматтардың өзін-өзі дамытуға деген белсенді ұмтылысын да білдіреді. Сондықтан бұл құндылықтар, қоғамда бүкіл еліміздің және әрбір азаматтың мүддесін тоғыстыратын прогрессивті мінез-құлық үлгілерін қалыптастыруды көздейді», - деп атап өтті Е. Қарин.