Қазақстан Қытайға наразылық нотасын жолдады
Қытайдың ең танымал сайттарының бірінде «Қазақстан неге Қытайға оралуға тырысады» деген атаумен жарық көрген мақаланы Azattyq Rýhy агенттігі түпнұсқадан аударып шықты. Мақала 8 сәуір күні жарияланған. Ал бүгін, еліміздің Сыртқы істер министрлігінің өкілі Қазақстандағы Қытай елшісімен кездесіп, мақалаға қатысты наразылық білдірді. Сондай-ақ, Қазақстанның Пекиндегі елшілігі ҚХР Сыртқы істер министрлігіне тиісті нота жолдады. Мақаланың толық аудармасын назарларыңызға ұсынамыз.
ҚАЗАҚСТАН НЕГЕ ҚЫТАЙҒА ОРАЛУҒА ТЫРЫСАДЫ?Орталық Азияның теңізге шыға алмайтын елдерінің ішінде Қазақстан, сөзсіз, ең үлкені. Ол Қытаймен, Өзбекстанмен, Түркіменстанмен, Иранмен және теңіздегі басқа елдермен шектеседі. Еуразия аумағында орналасқан үлкен құрлықтық мемлекеттің жер аумағы 2,72 млн шаршы км-ді құрайды. Қазақ мәдениеті – түркі және ислам сияқты бірнеше өркениеттің қосындысы. Бір кездері ел түрік империясы саналған.
Қазақстан тарихи тұрғыда Қытайдың бір бөлігі болған. Қазақстандықтар Қытай оларды бірнеше рет басып алды деп есептейді, бірақ оған аса қатты мән бере бермейді. Цин әулеті тұсында қазақ жері үш хандыққа бөлінді, оның екеуі Цин патшалығының құзырында болды. Сондықтан Қазақстанның Қытаймен қарым-қатынасы өте терең.
Сонымен, Қытайдың Қазақстанды қалай кезең-кезеңімен жаулап алғанын және одан қалай айырылып қалғанын бағамдап көрейік. Он бесінші ғасырдағы Алтын Орданың кезеңінде Өзбек хандығы деген мемлекет болған. Ол салыстырмалы түрде үлкен. Кейін ішкі жанжалдарға байланысты халық өз ханынан кетіп, кейін «қазақ» деп аталатын жаңа ұлтқа айналды.
Кейін Қазақстан аумағы Алтын Ордадан бөлінді. Бірте-бірте олар жаңа ұлт қалыптастырып, мемлекет құрды. XVI ғасырда үлкен мемлекет үш шағын хандыққа бөлінді, олардың барлығы үйсін деп аталды. Ал XVII ғасырда Орта Азияда Жоңғар хандығы қуатты режим орнатты. Кейінірек үлкен үйсін мен кіші үйсін Орыс мемлекетіне, орта үйсіндер Жоңғар хандығына бағынды.
1757 жылы Цин әулеті Жоңғар хандығын жойды. Сөйтіп үлкен үйсіндер де, кіші үйсіндер де, орта үйсіндер де Цин мемлекетінің құрамына өтті. Жоңғар хандығы бір жағынан Цин династиясымен ұзақ уақытқа созылған соғыстан, екінші жағынан оба дертінің әсерінен Балқаш көлінің маңында жойылып бітті. Одан кейін қазақтар біртіндеп Цин империясының территориясына қоныс аударды.
БҰЛ ТАРИХТЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҒАЛЫМДАР ҚАЛАЙ «ЕСІНДЕ САҚТАДЫ?»
XVI ғасырдың басында көшпелілер түркі халықтарымен бірігіп мемлекет құрды. Бұл ел Қытайдың ықпалымен бірнеше рет жойылып кете жаздады. Бірақ «бақытымызға орай» (Бұл Қазақстанның келтіретін дәлелі) Қытай ішінара соғыспен әлек болып, әскерін шегіндіріп әкетуге мәжбүр болды. Оның үстіне, географиялық тұрғыдан алыс орналасқындықтан, Қазақстанды өзіне қосып алған жоқ.
Тарихқа көз жіберсек, Қытай ежелгі Еділ өзеніне бір-екі шабуылмен ғана шектеліп қалған жоқ. Ұлы Таң дәуірінде түріктерді екіге бөліп, жеке-жеке талқандады. Шығыс түріктер Таң патшалығына жұтылып, ықпалы Жеті өзеннің маңына жетті. Ал Жеті өзен қайда орналасқан? Міне, сол – түріктердің шыққан жері.
Көп ұзамай Таң империясындағы ішкі толқулар тоқтамай, үстемдік еткен аумақтарын қорғауға мұршасы келмей қалды. Содан Таң әскері Жеті өзен аумағын тастап шықты, билігі ұзаққа созылмады. ХІХ ғасырда Қытай әскері қайтадан Тянь-Шань тауларының етегіне жетіп, қазақтарды аннексиялады. Бұл кез моңғолдардың келуімен сәйкес келіп, Қытай әскеріне тағы бір рет шегінуге тура келді.
ҚАЗАҚСТАН ҚЫТАЙ КАРТАСЫНАН ҚАЛАЙ ДЕРБЕСТЕНІП ШЫҚТЫ?
ХІХ ғасырдағы апиын соғысынан кейін Цин империясының күші едәуір әлсіреп, өз ішінен жойылып кетті. Ресей осыны пайдаланып Цин патшалығының жерін басып алды. Сондықтан Қазақстан Ресейдің құрамына өтті. Теңсіз территория бөлісінде Қытайдың жоғалтқаны Қазақстанмен ғана шектеліп қалған жоқ.
Қазақтар өздерінің қанын қытайлармен араласқан деп есептейді. Әрине, бұл Қазақстанның «біртүрлі» жорамалы ғана. Қазақтар мен еуропалықтардың шығу тегі ұқсас болғанымен, олардың кейбіреулері Қытайдағы ішкі соғыстан қашып шыққанбыз деп ойлайды. Ал бір бөлігі қазақтар Шыңғыс ханның қысымымен Қазақстанға қоныс аударып, этникалық интеграция орын алды дегенді алға тартады. Жаңа айтқанымыздай, бұл тек Қазақстанның «біртүрлі» жорамалы. Қытайда түріктер, қидандар мен бектіктердің аз ұлттарының бәрі де Орталық жазықтағы ұлан байтақ өңірде тіршілік етті. Оның ішінде ғұндар да бар. Бірақ ақырында біразы жоғалып, кейбірі Шығыс Азияға, кейбірі Еуропаға қоныс аударды. Алайда бұл Орталық жазықтағы көшпенділердің қытайлар екенін білдірмейді.
Қазақстан Қытайдың Оңтүстік Азиядағы ықпалы ерекше жоғары екенін мойындайды. Аймақтағы қытайлардың саны аз болғанына қарамастан, олардың жергілікті жерде әсері зор. Бәрі лауазымды қызметтер атқарады, саяси ортада ықпалдары жоғары.
Қазіргі уақытта Қытай Қазақстанға үлкен көмек көрсетіп жүр: Қазақстанға салынған инвестициялар көлемі 23 млрд АҚШ долларынан асады. Темір және болат сияқты маңызды салалардағы көптеген ірі нысандар Қазақстанға жәрдемін тигізді, қомақты қаржы түсірді.
Қазақстан бір кездері өз жеріндегі қытайлардың санын шамамен 400 000 адам деп есептеген. Аталған этникалық қытайлар Қазақстанның әртүрлі аймақтарында белсенді тіршілік атқарады.
Сонымен қатар, Қазақстандағы бір қаласына қарасты ауыл тұрғындары Ли Байдың ұрпақтары екендерін алға тартады. Ал өздерін Хан ұлтының ұрпақтары деп санайтын бір бөлігі соғыс кезінде Қазақстанға келіп, ассимилияцияға ұшырадық деп айтады. Бірақ олар Қытайға оралғысы келеді.
Ескерту: Мақала түпнұсқадан қазақ тіліне тікелей аударылды, сондықтан стилистикалық қателер болуы мүмкін.
Аударған: Абай Сейфулла