Мүдделі тараптар арасында тиісті келісімдерге қол қойылды
Қазақстан Президенті Дохаға мемлекеттік сапарының аясында Қатардың ірі бизнес құрылымдарының басшыларымен бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Al Faisal Holding компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Фейсал бен Қасым Әл Тәниді қабылдады.
Al Faisal Holding компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, Қатар кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы, Қазақстанмен іскерлік ынтымақтастықты үйлестіруші Фейсал бен Қасым Әл Тәнимен әңгімелесу барысында екіжақты экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Al Faisal компаниясымен арадағы өзара тиімді серіктестік Қатар бизнесінің Қазақстандағы үлесін арттыруға жол ашатынын атап өтті. Оның пікірінше, бірлескен жұмыстар жаңа инновациялық-инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында құрылыс, туризм және қонақ үй бизнесі салаларындағы ынтымақтастық, сондай-ақ білім беру бағыты бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Al Faisal холдингіне Астанада Қазақстан мен Қатар арасындағы достық қарым-қатынастың символына айналатын айтулы ғимарат салу перспективасын қарастыру ұсынылды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Qatar Investment Authority компаниясының бас атқарушы директоры Мансур Ибрагим Әл-Махмудты қабылдады.
Әлемдегі ең ірі дербес қорлардың бірінің басшысы Мансур Ибрагим Әл-Махмудпен кездесу барысында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және қаржы саласындағы ықпалдастық мәселелері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Qatar Investment Authority компаниясы мен «Самұрық-Қазына» қоры арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық екі елдің экономикалық серіктестігінің қозғаушы күші бола алатынын атап өтті.
Мансур Ибрагим Әл-Махмуд Қазақстанның қаржы нарығына шығу, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені өнімдерін терең өңдеуге қатысты жобаларды жүзеге асыру жоспары жөнінде айтты.
Бұдан бөлек, кездесуде «Астана» халықаралық қаржы орталығында қазақ-қатар тікелей инвестициялар қорын құру мүмкіндігі қарастырылды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Qatar Investment Authority компаниясының бас атқарушы директорын Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.
Бұдан бөлек Қазақстан Президенті Қатардың Power International Holding компаниясының иелері Муатаз Әл-Хаят пен Рамез Әл-Хаятты қабылдады
Кездесуде экономиканың түрлі секторындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев табысты серіктестік Қазақстан мен Қатар арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың қозғаушы күшіне айналғанын атап өтті.
Бүгін мемлекеттік сапар аясында бірқатар маңызды инвестициялық келісімдерге қол қойылды. Осы ретте Қатардың Power International Holding компаниясы негізгі қатысушы саналады.
Муатаз Әл-Хаят пен Рамез Әл-Хаят Президентке Қашағанда газ өңдеу зауыттарын, Қызылорда облысында бу-газ қондырғыларының технологиясына негізделген электр станциясын салу жоспары жөнінде мәлімет берді. Сондай-ақ жаңа компрессор станциясын салуға, Бейнеу – Бозой – Шымкент және Ақтөбе – Қостанай газ құбырларын жүргізуге ниет білдірді.
Мемлекет басшысы Nebras Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Нассер Әл-Хаджриді қабылдады.
Кездесуде энергетика саласындағы ынтымақтастықтың перспективалары және жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция тарту мәселесі талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге баса мән беретінін айтты. Осыған орай Мемлекет басшысы Nebras Power компаниясының елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға қызығушылық танытып отырғанын жоғары бағалады.
Мұхаммед Нассер Әл-Хаджри құрмет көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамымен бірлесіп, Қазақстанда су-энергетика жобасын жүзеге асыруға қатысты жоспарын жеткізді. Бүгін мүдделі тараптар арасында тиісті келісімге қол қойылды.