БҰҰ бітімгерлік қызметіне атсалысу сыртқы саясатымыздың маңызды бөлігі болмақ – Қарин

Автор: Мира Байбек

Қазақстан соңғы 10 жыл көлемінде БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына қатысып келеді

Фото: ortcom.kz

Еліміздің БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына қатысуы соғыс пен қақтығыстардың алдын алуға қатысты бірлескен іс-әрекетке қосқан үлесіміз болмақ. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысының қазақстандық әскери қызметшілерді БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясына қатысуға жіберу туралы ұсынысы қолдау тапты.

БҰҰ-ның бітімгерлік қызметіне атсалысу – Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бөлігі. Бұл біздің соғыс пен қақтығыстардың алдын алуға қатысты бірлескен іс-әрекетке қосқан үлесіміз», - деп атап өтті Ерлан Қарин.

Онң айтуынша, Қазақстан соңғы 10 жыл көлемінде БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына қатысып келеді.

«Бұл еліміздің әлем алдындағы беделін көтеруге және ұстанымын нығайтуға көмектесті. Сондай-ақ БҰҰ мен халықаралық әріптестер тарапынан зор сенімге ие болдық.

Әскери қызметшілердің БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына қатысуы Қарулы Күштердің әлеуеті мен тәжірибесін арттыруға, халықаралық ынтымақтастық пен сыртқы ресурстардың артықшылықтарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Ол да маңызды факторлардың бірі», - деді Е. Қарин.

Еске салсақ, Қазақстан БҰҰ миссияларына қатысуға әскер жібереді. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Парламент палаталарының бірлескен отырысында денбес бейбіт бітімгерлік миссияға 139 әскери сарбаз аттанатынын айтқан болатын.