Сарапшы әрбір азаматқа Президент ой тастап отыр деп санайды
«Egemen Qazaqstan» газетінде шыққан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты бүгінгі саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірдің негізгі аспектісіндегі алдағы уақытқа жасалған қадамдарды және қойылып отырған мақсаттарды анықтап айтып отыр. МТҚБ «Парламентаризм институты» ШЖҚ РМК директоры орынбасары Ляззат Сүлеймен Мемлекет басшысы сұхбатының негізгі бағыттарына тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бұл сұхбатта Президент ел дамуының қазіргі жағдайын кең ауқымда түсіндіру үшін Қазақстанның әр азаматымен әңгіме құрып отыр деп ойлаймын. Мақсат - ағымдағы бағытты нақты істер дәлелімен түсіндіру, оған әр адамның назарын аударту, әрқайсымызды озық ойлауға шақыру. Қ.К. Тоқаев бүгінгі саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірдің негізгі аспектілеріндегі алдыға жасалған қадамдарды және қойылып отырған мақсаттарды анықтап айтып отыр. Бір күндік емес, алыстағы белестерге жетудің жоспарларын, ол үшін оқу, даму арқылы озық ойлы болуға шақырып отыр», - деді ол әлеуметтік желіде.
Оның айтуынша, Президент жаңа демократиялық бағытта қабылданып отырған саяси реформаларға тоқталу арқылы, авторитаризмнен ашық қоғамға, демократиялық басқаруға өту мақсатында әр азаматтың пікірі, саяси қатысуы және хабардарлығы, мемлекеттік органдардың ашықтығы принциптерін іске асырудың негізгі элементіне айналу процессінің қарқынды жүргізіліп жатқанын айтты.
«Екіншіден, экономикалық бастамалар. Президент инновациялар мен технологияларға негізделген бәсекеге қабілетті экономика құру қажеттігін айтып отыр. Жеке сектор мен шағын және орта бизнесті күшейтуге бағытталған экономикалық бастамалар жаңа жұмыс орындарын құру және халықтың әл ауқатын арттырудың негізі болып табылады. Бұл тенденцияны түсінуге, іске асыруға қабілетті азаматтарымыз елдің экономикалық жандануына өз үлесін қосады», - деп жазды Л. Сүлеймен.
Ол сұхбатта айтылған әлеуметтік мәселелерге де кеңінен тоқталды.
«Бұл мәселелерге назар аудара отырып, Президент білім беру мен денсаулық сақтау салаларының дені сау, білімді ұлттың негізі екендігіне көңіл бөледі. Әлеуметтік кодекстің қабылдануы әділ әлеуметтік саясат қалыптастыруға ұмтылу, қоғамның барлық топтары үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуді көрсетеді», - деді директордың орынбасары.
Оның айтуынша, Президент стратегиялық серіктестіктің және көпвекторлы сыртқы саясаттың маңыздылығын атап өтті. Бұл тек халықаралық ынтымақтастыққа ықпал етпейді, Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Азаматтар тиімді сыртқы саясаттың өз өмірлеріне ықпалын түсінуге және елдің халықаралық абыройын көтеруге өз үлестерін қосуы керек.
«Қаңтар қасіреті. Бұл қордаланып шешілмей қалған әлеуметтік және экономикалық мәселелердің нәтижесі екенін атап өтті. Ел қабырғасын қайыстырған осы қасірет мемлекеттің ішіндегі сын-қатерлерге мұқият назар аудару және билік пен азаматтар арасындағы сындарлы диалогтың маңыздылығын, "халық үніне құлақ асатын мемлекет" концепциясын орындаудың міндеттілігін алға тартып отыр. Қаңтар қасіреті ішкі мәселелерді талқылау және шешу үшін халықтың өз мүдделерінің шешілуінде неғұрлым белсенді болуына, жергілікті проблемаларды саяси экономикалық күн тәртібіне уақтылы да, тиімді қоюына түрткі болуы тиіс, екендігін айтты», - деді ол.
Сонымен қатар, Мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерін атап өтті. Президент бұл принциптердің заңдылық пен әділеттілік болуы тиіс екенін тағы да назар аударды. Бұл орайда, ол азаматтарды жауапкершіліктің және ел өміріне қатысудың жаңа деңгейіне көтерілуге шақырды. Әрбір азаматтың тек қана заңдар мен ережелерді біліп қана емес, саяси-экономикалық процесстердің белсенді қатысушысы ретінде сезінуінің маңыздылығын атап өтті. Бұл міндеттер Қазақстанның тұрақты дамуы мен гүлденуіне негіз болмақ.
«Қазақстан Президентінің бұл сұхбаты құнды, елдегі ағымдағы және болашақтағы өзгерістерді түсіну үшін өте маңызды контекст. Әрбір азамат даму процестеріндегі өз рөлін білуі керек және өз қоғамын дамытуға және нығайтуға белсенді қатысуы қажет. Бұл міндеттерді орындау елдің бүгіні мен болашағының күшті, әділетті, бақуатты болуының кепілі», - деп жазды Ляззат Сүлеймен.