2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемі екі есе артады – Президент

Azattyq Rýhy

Елдің экономикалық өсуінің маңызды элементіне айналатын жаңа инвестициялық циклды іске қосу қажет

2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемі екі есе артады – Президент
Фото: akorda.kz

2029 жылға қарай Қазақстанда ұлттық экономика көлемі екі есе артады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақордаға сілтеме жасап. 

«Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 36 пайыздан асты. Бұл ˗ шын мәнінде, жоғары көрсеткіш. Осы салада жұмыс істейтін адамдардың саны 4,3 миллионға жетті. Яғни еңбекке жарамды азаматтардың 45 пайызы деген сөз. Индустрияландыру жұмысы соңғы жылдары жоғары қарқынмен жүзеге асырылып келеді. Былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты 26 миллиард доллардан асты. Бұл ˗ рекордтық көрсеткіш. Өткен жылы осы салаға 1,5 триллион теңге инвестиция тартылды. Өңдеу кәсіпорындарын дамытуға барынша жағдай жасалды. Соның нәтижесінде республикалық бюджетке түсетін салық 5 есе артты. Осылайша, бизнес өкілдері мемлекеттің сенімді серіктесіне айналды», ˗ деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің жақында жариялаған жолдауында айтылғандай, 2029 жылға қарай Ұлттық экономика көлемін екі есеге – 450 миллиард долларға дейін ұлғайту міндеті қойылды.

«Бұл міндет бос қиялдың жемісі емес, Үкімет Мұқият есептеген іс-қимыл жоспары. Бұл міндетті шешу үшін еліміздің экономикалық өсуінің маңызды элементіне айналатын жаңа инвестициялық циклды іске қосу қажет. Өткен аптада мен инвестицияларды тарту бойынша жұмыстың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Енді Инвестициялық штабтың қызметі жобаларды уақтылы және кедергісіз іске асыруға бағытталады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.