Ірі шикізат өндірушілер ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге міндетті - Мемлекет басшысы
Өңдеу кәсіпорындарын арзан шикізатпен қамтамасыз ету үшін 25 келісім жасалды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімінде келесі жылдан бастап ірі шикізат өндірушілер ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге міндеттелетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Екі жыл бұрын «Өнеркәсіп саясаты» туралы арнаулы заң қабылданды. Өңдеу кәсіпорындарын арзан шикізатпен қамтамасыз ету өте маңызды. Бүгінде ірі шикізат өндірушілермен 25 келісім жасалды. Бұдан бөлек, шикізат бағасын арзандату үшін қосымша шаралар қолға алынды. Келесі жылдан бастап ірі шикізат өндірушілер ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге міндетті болады. Олар Қазақстандағы өңдеу мекемелерінің қажеттілігін толық өтесе ғана, шикізатты экспорттай алады», ˗ деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл қадамдар елде мыңдаған жұмыс орнын ашуға оң септігін тигізеді. Президент атап өткен тағы бір маңызды міндет – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
«Үш жылда агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет бизнес өкілдерімен бірлесіп атқаруға тиіс. Алдағы уақытта сүт өнімдерін шығаратын 115 ферма салынады. Олар жыл сайын 600 мың тоннаға дейін өнім беретін болады. Сондай-ақ 15 ірі құс фабрикасы іске қосылады. Бұл кәсіпорындар жылына 120 мың тонна ет өндіреді. Мұның бәрі жалаң цифр емес, бұл – нақты міндеттер. Әрбір ірі жоба ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. Аймақтарды дамытуға мол мүмкіндік береді», ˗ деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы ауыл тұрғындарына шағын несие беру үшін 100 миллиард теңге бөлінетінін айтты. Соның арқасында 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.