«Шектеу алынады»: Қазақстан Қытайға мал шаруашылығы өнімдерін қайта экспорттайды

Бұл екі ел арасындағы тауар айналымы көлемінің едәуір ұлғаюына ықпал етпек

«Шектеу алынады»: Қазақстан Қытайға мал шаруашылығы өнімдерін қайта экспорттайды

Қазақстан Қытайға мал шаруашылығы өнімдерін қайтадан экспорттамақ. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қытай Халық Республикасы Бас кеден басқармасының төрағасы Юй Цзяньхуамен кездесіп, аауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттауды талқылады. Айдарбек Сапаровтың айтуынша, екі мемлекет сауда ынтымақтастығын дамытудың, әсіресе ауыл шаруашылығы саудасының зор әлеуетіне ие.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі сондай-ақ мұздатылған ет, құс шаруашылығы өнімдері мен малға, майлы және дәнді дақылдарға қосымша Қытайға салқындатылған сиыр еті мен шошқа етін жеткізуде республиканың мүмкіндігі мол екенін атап өтті. Бұл екі ел арасындағы тауар айналымы көлемінің едәуір ұлғаюына ықпал етеді. Бұл үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі жануарлар мен құстардың аса қауіпті ауруларын болдырмау мақсатындағы жұмыстарды ел аумағында белсенді түрде жалғастыруда. Сондықтан қытайлық тарапқа қолайлы аймақтардан ет экспортын бастау ұсынылды.

Юй Цзяньхуа мырза Айдарбек Сапаровқа тәуекелдерді бағалаудың және қазақстандық сиыр етін, шошқа еті мен құс етін жеткізуді қайта бастау үшін шектеулерді алып тастаудың соңғы кезеңі жөнінде айтты. ҚХР Бас кеден басқармасы мамандарының Қазақстанға сапары биылғы желтоқсан айына жоспарланған.

Қазақстанның ветеринарлық қызметті бағалау қорытындысы бойынша қытай тарапы қолданыстағы шектеулерді алып тастау мүмкіндігін қарастырып, Қытайға мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауды қайта бастауға дайын. Бұдан бөлек ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін Юй Цзяньхуа Айдарбек Сапаровты Қытайға шақырды.

27-қарашада Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комитетінің отырысы аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқармасы Қазақстаннан Қытайға сүйекті дақылдардың (шабдалы және өрік) экспорттық партияларына қойылатын фитосанитарлық талаптар жөніндегі хаттамаға қол қойды. 

Биылғы жылдың 10 айында ҚР мен ҚХР арасындағы АӨК саласындағы өзара сауда көлемі 70%-ға өсіп, 1 млрд доллардан асты. Экспорт 811,1 млн долларды, импорт - 197,4 млн долларды құрады. 

Авторы: Әмірболат ҚҰСАЙЫНҰЛЫ 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.