Ердоған түркі елдерінің әліпбиін жасауды ұсынды

Автор: Аманалина Тоғжан

Ол Түрікменстанды ұйымға қосу мәселесін де көтерді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) мерейтойлық Х саммитінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған түркі мемлекеттерінің ортақ әліпбиін жасау жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Әрине, біздің бірлігіміз үшін тіл мәселесі өте маңызды. Ортақ әліпбидің болуы өте маңызды. Президенттердің қолдауы да аса үлкен мәнге ие. Бұл жерде Жоғары білім кеңесіміз хатшылыққа арнайы ұсыныстар айтты. Олар жоғары бағаланады деген үміттеміз. Алдыңғы саммитте Солтүстік Кипр республикасына байланысты байқаушы болу ұсынылды. Осы тарихи шешіміне алғыс айтамыз. Осы тарихи шешімімен түркі әлемі мынаны көрсетті. Кипрлықтар оқшауланып қалса да, олар жалғыз емес екенін бүкіл әлемге көрсеттік. Біздің міндетіміз – бірлестікте жұмыс жасау. Кипрлық түріктер түркі елдерінің ажырамас бөлігі. Келесі саммитте Солтүстік Кипрдің Түрік республикасын  байқаушы ретінде көреміз деген ойдамыз. Осыны нақты тағы айтып отырмын», - деді Ердоған.

Ол атағандай, байқаушы ел – Түрікменстанды да мүше ретінде көргісі келетінін айтты.

«Біздің негізгі ұранымыз –әртүрлі салада түркі әлемін нығайту. Сын-қатерлерге неғұрлым төзімді және бейімделгіш қылғымыз келеді. Түркі әлемін бірлік пен ынтымақтастыққа қарай бағыттауымыз керек. Түркия қазір өзінің 100 жылдығын меркелеп жатыр. Осы түркі әлемінде біз бейбітшілікке қарай қадам басып жатырмыз. Түркі әлемінде өз жұмысымызды істеп, түркі замананың жүзеге асуы үшін қадам жасап жатырмыз», - деді Ердоған.

Еске салайық, бүгін Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті өтіп жатыр. Жиынға Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан президенттері ұйымға мүше мемлекет басшылары ретінде, Мажарстан Премьер-министрі мен Түрікменстан басшысы бақылаушы елдің басшылары ретінде қатысады.

ТМҰ саммиті «Түркі дәуірі» ұранымен өтеді.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ