Қазақстан мен Албания астаналары арасында тікелей әуе рейсін іске қосу жайлы ойлануымыз керек - Тоқаев

Ол Қазақстан Албаниямен ынтымақтастықты күшейтуге мүдделі екенін айтты

Қазақстан мен Албания астаналары арасында тікелей әуе рейсін іске қосу жайлы ойлануымыз керек - Тоқаев
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Албания Президенті Байрам Бегай екіжақты келіссөздер өткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.  

«Біз Албанияны Балқан түбегіндегі маңызды серіктес деп есептейміз. Бұл ынтымақтастық аясында айтарлықтай нәтижеге жетудегі шешімді қадам. Мен елшіні Тиранаға бағыттадым. Бұл біздің ынтымақтастықтағы тағы бір маңызды бағыт деп ойлаймын. Қазақстан мен Албанияның ұқсастығы бар. Екі ел де көпұлтты,көпдінді мемлекет. Халқымыздың басым бөлігін мұсылмандар құрайды. Сондай-ақ біз БҰҰ, ИЫҰ, ЕЫҚҰ сынды ірі халықаралық ұйымдар аясында ынтымақтастық жүргіземіз. Біз сіздердің Еуропалық одаққа қосылу саясатын білеміз. Сіздерді Еуропалық одақтың мүшесі ретінде көрсек қуанышты боламыз. ЕО - Қазақстанның ірі сауда серіктесі», - деді Тоқаев.

Президент Еуропалық одақпен ынтымақтастықтың жалғасын табатынын атап өтті.

«Еуропалық одақтың өкілдері Қазақстанда да бар. Қазақстанға қош келдіңіз. Энергетика, көлік, туризм саласындағы мүмкіндіктерді айта отырып, біздің елдердің астаналары арасындағы тікелей әуе рейсі жайлы ойлануымыз керек. Қазақстан Албаниямен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Біз ол жағынан бар күш-жігерімізді саламыз. Бүгінгі кездесу екіжақты ынтымақтастыққа серпін береді деген үміттемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Екі ел арасындағы ынтымақтастық 1993 жылы орнатылған. Елдер арасындағы екіжақты сауда-саттық 1995 жылы басталды.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.