Президент халықтың көкейінде жүрген мәселелердің түйінін тарқатты – Мәжіліс депутаты

Автор: Azattyq Rýhy

Ерлан Саиров Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған өзекті мәселелерді қозғады

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында халықтың көкейінде жүрген, сондай-ақ азаматтар көптеген кездесулерде жиі қозғайтын мәселелердің түйінін тарқатты. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мәжіліс депутаты солардың бірқатарына тоқталды.

«Бірінші, Қазақстанның экономикасы «голландиялық ауруға», шикізатқа тәуелділікке ұшыраған. Бұл проблемадан құтылмай, еліміздің экономикасын толыққанды дамыту өте қиын. Сондықтан, Президент Тоқаев өнеркәсіптің төртінші, бесінші бөлінісіне өтіп, елімізде өнеркәсіп өндірісін жаңа заманға сәйкес дамыту үшін нақты ұсыныстар, тапсырмалар берді. Ол үшін мемлекеттік реттеу және осы салаға салықтық, басқа да жеңілдіктер қарастырылған. АЭС бойынша бүкілхалықтық референдум өтеді. Бұл оңды шешім. Халық үшін түйіткілді мәселелер бойынша халықтың шешімі қажет!

Екінші. Қазақстанда су мәселесі жылдан-жылға күрделеніп келеді. Су мәселесі, жалпы планетарлық мәселе, біздің еліміздің халқы бұл проблемаға қазірдің өзінде тап болып отыр. Бұл мәселені шешудің көптеген жолдары айтылды. Ең негізгісі, су мәселесімен кешенді түрде айналысатын Су шаруашылығы және ирригация министрлігі құрылады. Бұл өте дұрыс шешім.

Үшінші. Қазақстанда салынбай, сақалды құрылысқа айналған көптеген жол тараптары бар. Республикалық маңызы бар Қалбатау-Майқапшағай трассасы, Атырау облысындағы Атырау-Астрахань, басқа да жолдарының құрылысы ондаған жылдарға созылып кетті.

Жалпы, еліміздегі республикалық, облыстық деңгейдегі жолдардың жөнделуі, эксплуатациялануы қанағаттанарлық емес. осы мәселелерді кешенді шешу үшін Көлік министрлігі құрылады», - деп жазды Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ ол Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 2024 жылдан бастап 85-мың теңгеге жететінін атап өтті.

«Бұл шара халқымыздың 1,8 млн азаматтарының өмір сүру дәрежесіне тікелей, нақты жақсы әсер етеді! Бұл мәселені біздің көтергенімізге бірнеше жыл болды. Өйткені, Қазақстанның төменгі жалақы деңгейі Африка елдерінің дәрежесімен тең болатын. Енді төменгі жалақы деңгейі Ресейден артық болады. Бұл өте қомақты нәтиже! Бұл мәселе еліміздегі орташа жалақының тағы өсіп, халқымыздың өмір стандарттарының жоғарылайтындығының айғағы», - деп жазды Саиров.