$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.09.2023, 18:30
Саясат

Ерлан Қошанов: Біздің мақсатымыз – Жолдауда айтылған міндеттердің сапалы әрі жедел орындалуын қамтамасыз ету

Мәжіліс Төрағасы осынау маңызды кезеңде үлкен экономикалық серпіліс жасауға мемлекетімізде толық мүмкіндік бар екенін айтты

Ерлан Қошанов: Біздің мақсатымыз – Жолдауда айтылған міндеттердің сапалы әрі жедел орындалуын қамтамасыз ету

Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауы - қазақстандықтарды жасампаздыққа жетелейтін тарихи жолдау. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Төрағасы, Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ерлан Қошанов бұл жолдау – елімізде кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқан ауқымды әрі маңызды реформалардың жалғасы екенін атап өтіп, жалпы соңғы бес жылдағы Президент жолдаулары бір-бірімен біте қайнасып жатқанын алға тартты.

«Өткен жылы бастау алған саяси жаңғыру жұмыстары үлкен экономикалық өзгерістерге ұласты. Бұл жолдаудың жөні бөлек. Себебі, Президент осы Жолдауында елдегі экономикалық, әлеуметтік дамудың таяу жылдардағы эволюциясын айқындап берді. Ол заңды да. Өйткені халықтың тұрмыс сапасы, берекелі өмір сүруі экономиканың дамуымен тікелей байланысты. Мемлекет басшысының Жолдауы осы саладағы күн тәртібінде тұрған, халық, қоғам күткен өткір мәселелердің шешімін тап басады.

Әлемдегі геосаяси ахуалға қарамастан Қазақстан экономикасы тұрақты дамып келеді. Негізгі бағыттар бойнша оң көрсеткіштерге қол жеткіздік. Алайда жаһандық экономика өзгеріп жатыр. «Түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды» деді Президент.

Осындай сын-қатерлерге қалай төтеп бере аламыз, технологиялық бәсекеге дайынбыз ба, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, орнықты даму сияқты өзекті мәселелер көп. Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгін осы және жұртшылықты алаңдатқан өзге де сұрақтардың бәріне нақты жауап берді», - деп жазды Мәжіліс Төрағасы.

Оның айтуынша, ең бастысы, осынау маңызды кезеңде үлкен экономикалық серпіліс жасауға мемлекетімізде толық мүмкіндік бар. Ол үшін ресурс та та жеткілікті.

«Экономика дегеніміз – ең әуелі тұрақты жұмыс, лайықты табыс. Халыққа керегі де осы. Бұл орайда әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналады. Мұны Мемлекет басшысы дөп басып айтты.

Осы орайда мен бірнеше жайтқа тоқталғым келіп отыр.

Біріншіден, Президент қазіргі күрделі жағдайда елдің экономикалық моделін қайта қарауды ұсынды. Қазақстанның қай салада да әлеуеті зор. Мұнай-химия, шикізат өңдеу, машина жасау, ауыл шаруашылығы және т.б. Біздің экономикамыз тиімді болуы керек. Сапалы өнімдермен өзімізді өзіміз толық қамтамасыз етуге тиіспіз. Ол үшін экономиканы әртараптандыру маңызды. Мемлекет басшысы осыған ерекше мән берді.

Екіншіден, экономиканы қаржыландыру. Қазір экономикаға қаржы керек. Инвестиция жетіспейді. Бұл жерде отандық банктердің әлеуеті мен ресурсын молынан пайдалану маңызды. Қазіргі уақытта нақты секторды қаржыландыру азайып кеткен. Керісінше, банктердің дені тұтыну несиесіне көп көңіл бөледі. Мемлекет басшысы Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап тұрғандықтан, банктердің мол пайдаға кенелгенін айтты. Алмақтың да салмағы бар. Енді банктер экономиканың нақты секторын қаржыландыруға күш салатын болады. Экономика жұмыс істеуі керек. Қаражат айналуы қажет. Бұл – үлкен әрі маңызды мәселе. Банктер экономиканы дамытудың қайнар көзіне айналуға тиіс. Бүгін Президент осы жөнінде тиісті тапсырма берді», - деп нақтылады Ерлан Қошанов.

Мәжіліс Төрағасы көлік-логистиканы дамыту бағытына да тоқталып өтті. Тоғыз жолдың торабында тұрған Қазақстанның бұл саладағы мүмкіндігі зор екені айтпаса да белгілі.

«Еуразияның қақ ортасында орналасқан мемлекетіміз арқылы ең маңызды жол тораптары кесіп өтеді. Біздің теңіз және құрғақ порттарымыз, автомагистральдарымыз арқылы Қытайдан Еуропаға, Ресейден Парсы шығанағына тауар тасымалдау әлдеқайда жылдам. Сондықтан көлік-логистика саласын экономиканың жаңа драйвері, күретамырына айналдыру – басты міндетіміз. Ол үшін Көлік министрлігі қайта құрылып, осы жұмыспен тікелей айналысатын болады. Жол инфрақұрылымын дамыту азаматтарымыздың тұрмысын жақсартып, табысын арттыруға зор септігін тигізеді.

Елімізде тағы бір министрлік – Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Өйткені, бұл мәселе еліміз үшін аса өзекті. Судың сапасы мен халыққа қолжетімділігіне қатысты өңірлерде проблема көп. Енді суға қатысты барлық мәселені шешу осы ведомстваның мойнына жүктелгелі отыр.

Тағы бір маңызды мәселе – табысты өмір сүрудің кілті тек ақша табуда ғана емес. Сонымен қатар үнемдей білуде. Бұл баршаға аян. Қазір бүкіл әлем үнемдеуге бет бұрып отыр. Ол су ресурстарынан бастап, қарапайым отбасы табысын үнемдеуге де қатысты. Біз де осыны үйренуге тиіспіз», - деп жазды ол.

Ерлан Қошановтың сөзінше, тұрғындардың кредитті шамадан тыс алуы да Президентті қатты алаңдатуда. Бүгінде миллионнан астам қазақстандық несиесін төлей алмай отыр. Мемлекет басшысы бұған да нақты жауап берді.

«Осы орайда азаматтарды жаппай қаржылық сауаттылыққа оқытудың ауқымын кеңейтуді тапсырды. «AMANAT» партиясы бұл жұмысты бастап кетті. «Қарызсыз қоғам» жобасының алғашқы нәтижелері көңіл көншітерлік. Еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Бүгін Президент бұл жобаны Үкіметпен бірлесіп іске асыруды тапсырды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы ел болашағына қатысты мәселелерге келгенде әрдайым халықтың пікірін ескереді. Бұған біз тағы бір мәрте көз жеткіздік. Мәселен, Атом станцияның құрылысы бойынша референдум өткізу жауапты әрі маңызды қадам болмақ. Халық өз болашағын өзі таңдауға құқылы.

Бүгінгі жолдаудан түйген басты ой – тиімділік. Біз осы тапсырмалардың бәрін жүйелі әрі тиімді орындасақ қана нәтижеге қол жеткіземіз. Тиімді экономика қалыптастырып, игіліктеріміздің бәрін – жер, су, табиғи байлықтарды әділ де тиімді пайдалануымыз керек. Сонда ғана халықтың әл-ауқаты артып, мемлекетіміз өркендейді.

Ал біздің мақсатымыз – жолдауда айтылған міндеттердің барлығының заңнамалық деңгейде сапалы әрі жедел орындалуын қамтамасыз ету», - деп түйіндеді Ерлан Қошанов.

Серіктес жаңалықтары