Әбішев ісі: Басты күдікті қонақүйде кәсіпкермен не үшін кездескен?

Автор: Azattyq Rýhy

Жемқорлыққа қарсы агенттік Су ресурстары комитетінің экс-төрағасы Ислам Әбішевке «60 млн теңге пара алуға оқталды» деген айып таққан

Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасының сотында куәгерлерден жауап алынды. Жауап алу кезінде «пара бопсалады» деп арыз жазған кәсіпкердің Ислам Әбішевпен елордадағы 4 жұлдызды қонақүйдің бірінде кездескені туралы айтылды. 

«Жұмыс орнында емес, басқа жерде кездесесіздер. Бұл қалай сонда? Жұмыста отыру керек. Ал сіздер «Дипломатта» кездесесіздер», - деді істі қарап жатқан судья Қажымұқан Мекемтас. 

Адвокат Абзал Құспанның айтуынша, тек «құрылыс басында немесе кабинетте кездесу керек» деген талап жоқ. 62 жастағы Әбішев өз қорғаушысына ол бизнесменмен «басқа жиында жүріп, кездейсоқ жолығып қалғанын» айтыпты. Ал экс-шенеуніктің үстінен шағым жазған компаниямен Су ресурстары комитеті былтыр өз міндетін орындамағаны үшін келісім-шартты сот арқылы үзген. 

 «Пара беруші» менің үстімнен  жемқорлыққа қарсы агентікке арыз жазған. 7 млрд теңгесін тендерде қысқартып тастап, мен «пара алады» екем. Негізі мен қорыққанымнан «пара беруім» керек қой. Сөйтіп, мені «пара алушы» дейді, ал «пара беруші» жоқ, - дейді Ислам Әбішев. 

Әбішевпен бірге айыпталушылар орындығында  «Қазақ күресі» дүниежүзілік  федерациясының бірінші вице-президенті Серік Төкеев те отырды. Тергеу мәліметіне сүйенсек, ол Әбішев «пара бопсалады» деген жеке фирмадан 10 млн теңге алған. Бірақ күдікті бұл ақшадан Әбішевтің қолына бір тиын да тимегенін айтады. Айта кетсек, Ислам Әбішев 2017 жылы «Қазақ күресі» дүниежүзілік федерацияның президенті болып сайланған. 

Еске сала кетсек, Жемқорлыққа қарсы агенттік Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішевке «60 млн теңге пара алуға оқталды» деген айып таққан. Тергеу мәліметіне қарағанда, басты күдікті СҚО-дағы ауылдың біріне су тарту үшін бюджеттен бөлінген 6 млрд теңгені жеке компанияға үлестіру үшін ауызбастырық дәметкен.

Ербол Ертөре, Нұр-Сұлтан