Сот алқасы Майлыбаевтың босату туралы өтінішін қараудан бас тартты

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлайды

wikipedia.org

Мемлекеттік құпияны жария еткені үшін сотталған Президент Әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш жасаған. Алайда, сот алқасы оның өтінішін қараудан бас тартқан. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлайды.

«Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 4 қыркүйектегі шешімімен сотталушының шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қараудан бас тартты», - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі.

Естеріңізде болса, 2017 жылдың 16 қаңтарында Қазақстан ҰҚК баспасөз қызметі ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев сот шешімімен қамауға алынды деген хабарлама таратты.

«2017 жылғы 12 қаңтарда Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 185-бабы 1, 3-бөлігінде көзделген («Мемлекеттiк құпияларды заңсыз жинау, тарату, жария ету») қылмыстарды жасады деген күдікпен ҚР Президенті Әкімшілігінің қызметкерлері болған Б. Майлыбаев және Н. Галихин ұсталды», — делінген хабарламада.

2017 жылдың маусымында Астана қаласы Есіл аудандық 2-сотында Қазақстан Президенті әкімшілігінің  бұрынғы екі шенеунігі Бағлан Майлыбаев пен Николай Галихиннің ісі қаралып, оларға қатысты үкім жарияланды. Сот үкімімен Б.Майлыбаев Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлімінде («топ құрамында қызмет өкілеттігін асыра пайдалану») және 185-бабының 3-бөліміндегі («мемлекеттік құпияны заңсыз жинау, тарату, жариялау арқылы үлкен зиян келтіру немесе өзге де ауыр зардаптарға соқтыру») баптар бойынша кінәлі деп танылды және оған мүлкі тәркілене отырып, мемлекеттік органдарда лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Николай Галихин ҚР ҚК-нің 185-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік органдарда лауазымды атқару құқығынан 3 жылға айырып, 4 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.