Сенат төрағасы мәлімдеме жасады
Президенті Қ.Тоқаев енгізген төтенше жағдай – уақтылы және қажетті шара. Біздің ортақ мақсатымыз – коронавирус инфекциясының таралуымен күресу, оның Қазақстан экономикасына және адамдардың өміріне теріс ықпал етуінің алдын алу, деп мәлімдеді Д.Назарбаева. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.
«Барлық мемлекеттік қызметтер, әкімдіктер азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықты барлық қажетті заттармен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесін шешуге жұмылдырылған. Қазіргі уақытта медицина қызметкерлеріне барынша көмек пен қолдау көрсету қажет, олар осы аурумен күрестің алдыңғы қатарында, адамдардың өмірі мен денсаулығы олардың кәсібилігі мен жауапкершілігіне байланысты», - деді Дариға Назарбаева өз сөзінде.
Спикер құқық қорғау органдарының әрекеттеріне және төтенше жағдайлар кезіндегі азаматтардың тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты шектеулерге түсіністікпен қарауға шақырады.
«Мемлекеттік органдардың міндеті – пандемия және онымен күресу бойынша жүргізіліп жатқан шаралар туралы ақпараттың барынша ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз ету. Үрейлі көңіл күй, қауесет пен жалған ақпарат таратуға үзілді-кесілді тоқтау салу керек. Дүрліктірушілер мен арандатушылар – короновирустың өзі сияқты біздің дұшпанымыз», - деді ол.
Айта кету керек, Сенат қалыпты режимде жұмыс істейді. Алайда, коронавирустың алдын алуға байланысты депутаттардың негізгі жұмысы комитеттерде топтастырылатын болады. Сенаторлар заң жобаларымен жұмыс жасайды және парламенттік тыңдауларға материалдар жинайды.