Самбодан үш дүркін әлем чемпионы Асхат Шахаров Ақтөбе қаласына әкім болды
Ол бұған дейін Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының әкімі болды
Жаңа әкімді қала активіне арнайы таныстырған өңір басшысы Оңдасын Оразалин оның алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Асхат Шахаров 1978 жылы РФ Орынбор облысында дүниеге келген. Жоғары білімді.
1999 жылы Қазақ мемлекеттік спорт және туризм академиясын «Дене тәрбиелеу мәдениетінің оқытушысы спорт жаттықтырушысы», 2002 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «Халықаралық деңгейдегі экономист» мамандықтары бойынша бітірген. Экономика ғылымының кандидаты.
Еңбек жолын 2000 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің спорттық пәндер кафедрасының оқытушысы болып бастаған.
Әртүрлі жылдар Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы, Ақтөбе облыстық Олимпиада резервін даярлау орталығының директоры болып қызмет еткен.
2013 жылы Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының әкімі болды.
2017-2019 жылдары Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы әкімінің қызметін атқарды.
Көпшілік Асхат Шахаровты спортшы ретінде біледі. Ол дзюдодан 2001 жылы Мюнхенде өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2000 жылы Осакода өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері болған. Сондай-ақ самбодан 5 рет әлем чемпионатына қатысып, үш рет әлем чемпионы атанған.