Іс-шара аясында ірі компанияларға Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктер таныстырылады
Бүгін Сиань қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелі өтеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«СNPC, CITIC, SPIC, Sinopec, Asian Infrastructure Investment Bank, POWERCHINA, GENERTEC, COFCO, XCMG, JD Group, Sun Seven Star Investment Group, Xian Aiju Grain and Oil Industrial Group, Great Wall Motors, Chery, Huawei Technologies, Changan International Corporation cияқты ірі компанияларға Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктер таныстырылады», - делінген хабарламада.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев 17 мамырда Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барған болатын. Сапар бағдарламасы аясында бірқатар іс-шара жоспарланған, сонымен қатар президент Сиань құрғақ портында қазақстандық логистикалық орталық құрылысының іске қосылу салтанатына қатысады.
Бір күн бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин кездесу барысында келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында тараптар екі елдің сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, білім және ғылым, қаржы салаларындағы жан-жақты ынтымақтастығын дамыту, көлік-транзит әлеуетін арттыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ олар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.