$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.03.2020, 23:01
Саясат

Нұр-Сұлтанда Мәскеу мемлекеттік университетінің жаңа оқу ғимараты ашылады

Осы оқу орнының қабырғасында экономикалық одақ құру  идеясы алғаш рет айтылған

Нұр-Сұлтанда Мәскеу мемлекеттік университетінің жаңа оқу ғимараты ашылады

Нұрсұлтан Назарбаев ректор В.Садовничиймен кездесіп, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының еуразиялық интеграция идеясына арналған көрме экспозициясымен танысты және университет музейін аралап, құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды деп, хабарлайды elbasy.kz

В.Садовничиймен кездесу барысында Елбасы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жоғары беделге ие екенін және халықаралық деңгейде мойындалғанын атап өтті.Қазақстанның Тұңғыш Президенті посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық процестердің даму тарихына тоқталды.

 «Мен 1994 жылы наурыз айында Мәскеу мемлекеттік университетінде Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын айтқан болатынмын. Сол кезде алдағы ынтымақтастық жоспарының тұжырымдамасын ұсындым. Ал 2014 жылы біз Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойдық», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы қиындықтарға қарамастан Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдер арасындағы сауда айналымы өсіп келе жатқанын атап өтті.

«Қырықтан астам ел одаққа қосылуға ниет білдірді. Қазір әлемде интеграциясыз өмір сүру мүмкін емес. Интеграция мемлекеттің одан әрі дамуына мүмкіндік береді. ЕАЭО-ның келешегі зор деп санаймын. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр», - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

  Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның астанасында орналасқан Мәскеу мемлекеттік университеті филиалының даму қарқынына тоқталды.

«Ресей Президентімен жасалған келісімге сәйкес елордамызда Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалын аштық. Қазір филиал кеңейіп жатыр, орын жетіспеушілігі байқалады. Сондықтан біз жалпы ауданы 20 мың шаршы метр болатын оқу корпусын Мәскеу мемлекеттік университеті филиалына берейін деп жатырмыз», - деді Елбасы.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша, оқу ғимараты 800 студентке арналған. Кездесу соңында Мәскеу мемлекеттік университетінің құрметті докторы Нұрсұлтан Назарбаевқа жоғары награда – «Мәскеу университетінің жұлдызы» табысталды.

 

Серіктес жаңалықтары