Екі елдің тауар айналымы 20 пайызға өскен
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин кездесті, - деп хабарлайды Elbasy.kz сайты.
Екі жақты кездесу кезінде Елбасы Қазақстан мен Ресей сенімді серіктес болып қала беретінін мәлімдеді. Әңгіме барысында тараптар ЕАЭО аясындағы әріптестік мәселелерін де талқылады.
«Интеграциялық бірлестік жұмыс істейді. Ұйымның болашағы зор деп санаймын. Құрметті төраға ретінде мен одақтың одан әрі дамуына ықпал ететін боламын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз кезегінде Владимир Путин Қазақстанның Тұңғыш Президентінің интеграциялық үдерістерді дамытуға және екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.
«Біз президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен үнемі кездесеміз. Екі ел үкіметі табысты жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы тауар айналымы 19,7 пайызға өсіп, 20 млрд долларға жетті. Бұл жақсы көрсеткіш», - деді Ресей Президенті.
Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен қатар әлемдік нарықта қалыптасқан жағдай бойынша өзара пікір алмасты.