Финляндияның ресми түрде НАТО құрамына қашан кіретіні белгілі болды

Автор: Azattyq Rýhy

Ертең НАТО штаб-пәтерінде Финляндия туы көтеріледі

Фото ашық дереккөзден

Финляндия ресми түрде 4 сәуірде НАТО-ға кіреді. Бұл туралы ел Президентінің Кеңсесі хабарлады.

«Финляндия 2023 жылдың 4 сәуірі, сейсенбіде НАТО қорғаныс альянсының мүшесі болады. Республика Президенті Саули Ниинисте Брюссельге барып, НАТО-ның штаб-пәтерінде ұйымдастырылған ресми рәсімге қатысады», - делінген хабарламада.

Рәсім аясында Финляндия альянсқа қосылу туралы құжатты сақтауға тапсырады. Осыдан кейін НАТО штаб-пәтерінде республиканың туы көтеріледі. Іс-шарада Ниинисте, НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг, Финляндия СІМ басшысы Пекка Хаависто және елдің қорғаныс министрі Анти Кайкконен сөз сөйлейді.

Бұған дейін, 1 сәуірде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ел парламентінің Финляндияның НАТО-ға кіру туралы өтінімін ратификациялау туралы шешімін бекітті. Ратификацияны мақұлдау үшін Түрік Парламентінің 276 депутаты дауыс берді.

Ал 27 наурызда Венгрия Парламенті Финляндияның НАТО-ға кіруін мақұлдады. Мақұлдау үшін 117 депутат дауыс беріп, тағы 40-ы қарсы болды, қалған 18 адам қалыс қалды.