«Nur Otan» 30 наурыз бен 16 мамыр аралығында праймериз өткізеді

Автор: Azattyq Rýhy

Іріктеу жаңа форматта жүргізіледі

Астанада Елбасының төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі Бюросының отырысы өтті. Бюро мүшелері 18 наурызда болатын партияның Саяси кеңесі отырысының күн тәртібін талқылады, деп хабарлайды elbasy.kz. 

Бюро отырысын ашқан Елбасы партиялық қайта жүктеу бағдарламасының және «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» әлеуметтік жобаларының іске асырылу барысына қанағаттанатынын білдірді. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев партияның ел аймақтарындағы жұмысына назар аударды.

«Партия басшылығы, мәжіліс және мәслихат депутаттарына шалғай аудандарды қоса алғанда, орындарға бару керек. Адамдармен кездесіп, мәселелерді шешу. Бұл мәселелер өңірлік партиялық бағдарламаларда көрініс табуы тиіс», - деді партия Төрағасы.

Сонымен қатар, Бюро отырысында ағымдағы жылдың 30 наурызы мен 16 мамыры аралығында еліміздің барлық өңірлерінде ішкі партияаралық іріктеу – праймеризді жаңа форматта өткізу туралы шешім қабылданды.

«Бұл партия атынан мәселелерді шешетін ең белсенді және сенімді мүшелерді анықтауға мүмкіндік беретін дұрыс шара деп есептеймін», - деді Елбасы.

Отырыс қорытындысы бойынша Бюро қаулысы қабылданды, оған сәйкес праймериз өткізу ережелерінің жобасы алдын ала мақұлданды. Олардың бекітілуі Саяси кеңестің отырысында өтеді.

Праймериз қорытындысы бойынша Мәжіліс пен «Nur Otan» партиясынан барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлау алдындағы партиялық тізімдерге енгізу үшін кандидаттар анықталады деп жоспарланады.