«Бәріне қарсымын» нұсқасы азаматтардың саяси белсенділігін анықтайды – сарапшы

Сарапшылардың пікірінше, аралас сайлау жүйесі мен «бәріне қарсымын» бағаны сайлау процесіне тың серпін береді

«Бәріне қарсымын» нұсқасы азаматтардың саяси белсенділігін анықтайды – сарапшы

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтындағы мамандар Президенттің тапсырмасына сай, саяси реформаларды жүзеге асыру кезінде сайлау қандай маңызға ие екенін және Қазақстанның саяси реструктуризациясы туралы пікір білдірді, деп жазады Azattyq Ruhy.

Мәселен, тілшіміздің бірқатар сұрағына жауап берген ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының аға сарапшысы Қуаныш Сайлау қазір елімізде жүріп жатқан сайлау процесінің модернизациясы қоғамға қандай пайдасын тигізіп, қандай нәтиже бере алады деген мәселе төңірегінде пікірін айтты.

«Былтыр енгізілген конституциялық реформалардың аса маңызды тұсы – Қазақстанда сайлау үдерісін жаңғыртып, халық арасында саяси өмірге қатысу белсенділігін арттыруға бағытталған өзгерістер. Ол сайлау әрі сайлану процесін барынша тиімді ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілді, оның нәтижесінде жаңа партиялар тіркеліп жатыр. Олар енде Мәжіліске өту үшін дауыстың 5% жинауы керек. Бұл Парламенттің төменгі палатасында партиялардың санын арттыруға мүмкіндік береді», - дейді Қуаныш Сайлау.

Институттың аға сарапшысы атап өткендей, қазір сайлауға түсіп жатқан саяси партиялардың саны артқан және бір мандатты округ бойынша өзін-өзі ұсынған үміткерлер де көп. Міне, қазір көптің назары дәл осы мәселелерде дейді ол.  

«Бұрыннан бері еліміздің саяси үдерістеріне ат салысуға ниет білдіріп жүрген белсенді азаматтар өздерінің сайлану құқықтарын толықтай қолданып, депутаттық мандат үшін сайысқа қатысып жатыр. Осы жолғы сайлау науқаны олар үшін – сайлаушылардың даусын өзіне тартуға және болашақта өтетін сайлауға нені жетілдіру керек екенін үйренуге үлкен мүмкіндік. Саяси реформалар болашақта біз сайлаушылар мен сайланушылардың бірге саяси есеюіне, елімізде сайлау мәдениетінің қалыптасуына әкеледі деген үміт бар. Ең басты нәтижесі – осы», - деді Қуаныш Сайлау.

«БӘРІНЕ ҚАРСЫМЫН» БАҒАНЫ ХАЛЫҚТЫҢ САЯСИ СҰРАНЫСЫН АЙҚЫНДАЙДЫ 

Ал, былтыр президент сайлауында алғаш рет, енді, 19-наурызда өтетін Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауында екінші рет қолданылайын деп отырған «бәріне қарсымын» бағаны сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ете ала ма деген сұрағымызға сарапшы мынандай пікірін жеткізді.

«Жалпы, бұл практика басқа әлем мемлекеттерінде де қолданылады. Мәселен, 2013 жылдан бастап Үндістан сайлауында осы нұсқа бар. 1970-ші жылдан бері АҚШ-тың Невада штаты тұрғындары «бәріне қарсы» дауыс беру мүмкіндігіне ие. «Бәріне қарсымын» нұсқасын қолдану арқасында азаматтардың саяси сұраныстарын анықтауға болады. Егер сайлаушы ұсынылып жатқан үміткерлер арасында лайық адам жоқ деп санаса, осы бағанды белгілей алады. Сонда болашақ сайлауға қатысатын партиялар мен үміткерлер соңғы сайлау нәтижесіне қарап, сайлаушылардың үміткерлерге деген сұранысын ескере отырып жаңа бағдарлама ұсынады немесе үгіт жұмысын белсене жүргізеді. Сайлауға қатысу-қатыспау статистикасынан гөрі сайлаушылардың көңіл-күйі туралы «бәріне қарсы» деп дауыс бергені әлдеқайда анық мәлімет береді. Сондықтан да сайлауға қатыспағаннан гөрі қанағатсыз азаматтар сайлау учаскесіне барып, қажет болса «бәріне қарсымын» деген нұсқаны таңдап, болашақта шешім қабылдау үдерісіне әсерін тигізе алады», - дейді ол.

АРАЛАС САЙЛАУ ЖҮЙЕСІ ӘРБІР АЗАМАТҚА ПАРЛАМЕНТ ПЕН МӘСЛИХАТ САЙЛАУЫНА ТҮСУГЕ МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

Ал, Астанада өткен «Саяси реформалар: жаңа саяси модельге көшу» атты тақырыпта өткен сарапшылардың талқылауы кезінде Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина  сарапшылар талқылау саяси реформаларды жүзеге асырудың бірнеше аспектілеріне тоқталды.

«Біріншіден, саяси партияларды тіркеудің жаңа ережелері жаңа партиялардың пайда болуына бәсекелестік орта қалыптастырды. Ал қазірдің өзінде заңнамалық жаңалықтарға сәйкес екі жаңа партия пайда болды. Екіншіден, осы сайлау циклі аясында азаматтардың сайлану құқықтары жүзеге асырылды. Бұл ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізудің арқасында мүмкін болды. Сондай-ақ, аралас сайлау жүйесіне көшудің арқасында әрбір азамат Парламент пен мәслихат сайлауына қатысу құқығына ие болды. Үшіншіден, бұл саяси институттарды жаңғырту. Бұл жерде сөз тек сандық өзгерістер туралы емес, сонымен қатар Парламент пен жергілікті мәслихаттардың құрамы мен жұмысындағы елеулі өзгерістер туралы болып отыр. Маңызды жаңашылдық –депутаттық мандатты кері қайтарып алу институты. Сөзсіз бұл заң шығарушы органның жұмысына әсер етеді», – деді Алуа Жолдыбалина.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 19 наурызында Қазақстан тұрғындары Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлайды. Дауыс беру Конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша референдумнан кейін қабылданған жаңа ережелер бойынша өтеді.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.