Сарапшылар пікірлерін айтты
Былтыр наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу қажет екенін мәлімдеді. Қарашаның басында заңнамалық актілерге тиісті түзетулер енгізілді. Дәл сол кезеңде «AMANAT»-тың өңірлік және аумақтық филиалдарында партиялық конференциялар өткізіліп, барлық деңгейдегі әкімдер «AMANAT» партиясының облыстық, қалалық және аудандық филиалдарының төрағасы лауазымынан босатылды.
Azattyq Ruhy тілшісі әкімдердің партия төрағасы мандатынан босатылғаннан кейін жергілікті билікте нендей өзгерістер болып жатқаны және алдағы уақытта бұл жүйенің тағы қандай оңтайлы тұстары байқалатынын сарапшылардан сұрап білді.
БИЫЛҒЫ САЙЛАУ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК
Қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма Төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова дәл осы өзгеріс қазіргі сайлау науқанына үлкен ықпалын тигізгенін айтады.
«Мұндай өзгеріс ең алдымен партиялар арасындағы бәсекелестікті күшейтуге әсер етеді. Бұрындары сайлау науқанында кандидаттар көп жағдайда әкімдердің ығына жығылып, солардың көмегіне жүгінген болса, ендігі ретте барлық саяси партиялардың үміткерлері тең бәсекелестікте додаға түсіп жатыр. Осының нәтижесінде біз партия биліктің емес, халықтың партиясына айналатын уақыттың келгендігін көріп жатырмыз. Яғни партиялар саяси науқанда әкімнің ықпалынсыз, өз күштерімен таласқа түсіп жатыр. Бұл үгіт-наисхат кезінде әртүрлі саяси құралдарды пайдалануға мүмкіндік береді», - дейді Әсем Қайдарова.
Саяси сарапшы партия заңнамалық, ал әкім атқарушы билік өкілі екенін ескеріп, екі тараптың да бір-біріне тәуелсіз болуы түйіткілді мәселелердің шешімін табуға түрткі болатынын айтты.
«Реформаның толық нәтижесін көру үшін әлі біраз уақыт керек. Сайлаудан кейінгі уақытта оның нақты нәтижелеріне көз жеткіземіз деген ойдамыз. Өйткені мәслихаттарға әкімнің емес, халықтың адамы келеді деген үміт бар. Реформалардың процесстері бірден нәтиже бермейді, оған уақыт керек», - деді ол.
ӘКІМДЕР ПАРТИЯНЫҢ ЕМЕС, СОЛ ӨҢІРДІҢ ТІКЕЛЕЙ ШАРУАСЫМЕН АЙНАЛЫСУЫ ҚАЖЕТ
Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталов бұл бастама әкімдерге өзінің негізгі жұмысымен ғана айналысуына мүмкіндік беретінін алға тартты. Сондай-ақ, барлық партияның рухтануына жол ашатынын айтты.
«Әкімдердің партия төрағасы болмағаны өте дұрыс. Президент те сүйтті ғой, ең басында. «Нұр-Отаннан» кетті. Одан ешкім кем болған жоқ. Керісінше басқа партиялар рухтанды. Әр партияға көзқарас дұрыс болуы керек. Ал әкімдердің облыста, ауданда істейтін жұмыстары көп. Саясатты, әрине, біліп жүруі керек. Сондай-ақ, ауылшаруашылық жұмыстарының бәрін де жасауы керек. Маслихаттар енді бағынбайды деген дұрыс емес. Себебі, бір басшы болуы керек. Қалғандары соған көмектесіп тұруы керек. Бәрінің істеп жатқан жұмысы бір.
Әр партияның өз бағдарламасы бар ғой. Жерілікті әкімдіктердің ұсынған жобалары сол бағдарламаға дұрыс келсе қолдайды немесе керісінше. Мысалы, кейбірі ақшаның бәрін мектепке жұмсау керек деп шықса, кейбір партия өкілдері ауылшаруашылық саласын алға тартады. Соның бәрін реттеп отыратын, дұрыс шешім қабылдап, басқа партияның өкілдеріне, мәслихат депуттаттарына түсіндіріп, рет-ретімен жылдарға бөліп отыратын әкім мен оның аппараты. Соны басқарып отыруы керек. Әкім бюджеттің кіріс-шығыс балансын қарап, біліп отырады. Республикадан тек бірнеше облыстарға дотация келмейді, қалғандары түгел алады. Соның бәрін біліп отыратын әкім. Кез-келген жағдайда көппартиялы Мәслихат пен Мәжіліс болғанда арасында төбелес емес, ауызбіршілік болуы керек деп ойлаймын», - дейді Амандық Баталов.
Экс-әкім жергілікті басшылар сол өңірдің тікелей шаруасымен, инвестиция тартумен айналысуы қажет дейді. Яғни, мемлекеттік және партиялық жұмысты байланыстыру, біріктіру тәжірибесінің тоқтатыланы жөн екенін айтады.
«Бізді құртатын орталықтандыру. Әкім өзінің, партия өзінің жұмыстарын істесін. Әкімдердің партия төрағасы болмауы осы орталықтандыруды жояды және демократияға бір қадам жақындатады. Бюджетті бөлгенде «мына жерге ақшаны көп бөлем, ертең мұны өз адамдарыма берем. Сол жерден қаражатты ұрлаймыз» деген пиғылы бұрыс әкімдерді құрту керек. Бюджетті бөлгенде депутаттардың алдында тұрып, әрбір позицияны бүге-шүгесіне дейін баяндап, оларға бюджетті 20 желтоқсанға дейін беріп, аудан әкімдерін жинап, график жасап, шақырып: «сендер неден қиналып жатырсыңдар, халыққа не керек» деп сұрауы керек. Сол кезде өзекті мәселер ортаға салынып, талқыға түседі. Бір депутат болсын әкімнің ұсынған жоба-жоспарына қарсы шығып қолдамаса, оған дұрыстап қарау керек, түсіндіру керек. Кейде түсініп отырып, бірақ қарсы дауыс беретін жайттар болады. Ондай кезде ол депутаттың әрекетін протоколға жазу керек.
Деңгейі биік, елге жаны ашитын, мәселенің жай-жапсарын білетін адамдар депутататтыққа келуі керек. Қазір барлық проблеманы шешіп тастауға әзірмін деп үгіт-насихат жұмыстарын өткізіп жатқандар көп. Тіпті қарсыларстарымен жаға жыртысуға әзір кандидаттар көріп жүрмін. Бұлар ертең билікке келсе не болар екен деп жағамды ұстаймын. Ал кейбіреулері асықпай, ақылмен нақты мәселені сөз қылады. Сол үшін де нақты бір сала мамандары келуі керек», - деген ойда экс-әкім.
ЕНДІ МӘСЛИХАТ ТӘУЕЛСІЗ
Ал Алматы қаласының бұрынғы мәслихат депутаты Рахман Алшанов әкімдікке билік берілсе, бірінші былық тендерден басталатынын айтты.
«Ертеңгі күні әр топтың ұсыныстары болады. Әкімдікте билік болса, ол жанында жүрген топтарға тендер беруі мүмкін, жеңілдік жасауы мүмкін. Ал қолынан іс келетін азаматтар жете алмай жүреді. Көріп отырмыз. Саяси күш пен әкімшілік күш бірігіп кетеді де, теңсіздік пайда болады. Сосын халық бәрібір әділдік жоқ деп қолын бір-ақ сілтейді. Жемқорлықтың бір түрі ғой. Өзінше бір формасы. Қазір соған үйреніп қалғандар бар. Елге ақша қайтару деген әңгіме шығып отыр. Мәліметтер ашық. Қыруар ақшаны алатын болсаң, ертең бәрібір көрініп тұрады», - дейді Рахман Алшанов.
Ол енді өңірлердегі мәселелер жоғарыдан тапсырманы күтпей-ақ шешілетін болады деуге негіз бар екенін айтты. Түптеп келгенде әділетті қоғам құру өзімізге байланысты дейді.
«Әкімдер сайланып жатыр. Мәслихат тәуелсіз. Ендігі кезекте Екібастұздағы жылу құбырының апаты бәріне сабақ болуы керек. Мәслихат бюджет есебін тыңдап, бекітіп жіберуі мүмкін ғой әрине. Халықтың бақылауы депутаттардың қолында. Ал депутаттарды халық сайлайды. Таза адамдар келуі керек. Халық қолынан іс келетін адамдарды сайлауы қажет. Біз партияға сенуіміз керек. Сондықтан әкімдер партияға бағынышты болуы керек. Партияға дауыс беретін біз. Олар бізге бағынышты болуы керек. Нарықтық экономикаға ешкім қарсы шықпайды. Соны бақылап, әлеуметтік бағдарламалар жасайтын партиялар ашық болсын», - деді Рахман Алшанов.
Сондай-ақ, ол қазір қанға сіңген жемқорлықтан арылу басты міндет екенін атап өтті. Айтуынша, жол салса, арық салса да сұрауы болуы керек.
«Өңірлер республикалық бюджетке қарап отыр. Қазір бюджет қатынастарын дұрыстау керек. Қарағанды облысы, Павлодар, Қостанай, Орал, Өскемен облысы сынды ірі-ірі өңірлердің қал-жағдайы жоқ. Ақшаны әр өңір салықтан жинасын. Мысалы, Шымкентте тойдан салық түспейді. Экономикалық қатынастар өңделмеген. Келген ақшаға әр облыс өзі күн көрсін. Мұнай бүгін бар, ертең жоқ. Әр өңір өзі өмір сүруге үйрену керек. Жұмыс орындары ашылуы керек. Көптеген елдерде мемлекет халыққа тікелей көмек береді. Бізде кезінде шешім қабылданған қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау үшін деп банкке береді. Әдейі лобби өткізіп жіберген ғой. Бәрі қарыз, тек қана банктер байып жатыр. Неге үкімет банктерге көмектеседі? Тікелей халыққа неге көмектеспейді? Осы ретте, Президент те айтып, заңға өзгеріс енгізіп отыр. Конституциялық сот бар. Беталыс алдық. Ұрланған ақшаны депутаттар енді әкімдерден сұрауы керек», - деп топшылады сөзін Рахман Алшанов.
Айта кетейік, 19 наурызда елімізде Мәжіліс пен барлық деңгейдегі Мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді.