Алматы облысында рұқсатсыз көкпар тартқандар жазаланды

Автор: Azattyq Rýhy

Олар 5 АЕК айыппұл төлейді немесе 10 күнге қамалады

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында көкпар тартып, адам өміріне қауіп төндірген 4 тұрғын ұсталды.  Полиция фото немесе бейнетүсірілімде тіркелген құқық бұзушылық деректерін әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында анықтаған, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy тілшісі.

Ұлттық ойынды автокөлік қатынасына арналған жолдың үстіне шығып ойнаған тұрғындар туралы бейнетүсірілім әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы кеңінен тараған. Бейнетүсірілімде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Рахат ауылдық округінің жол бөлігінде 20-25 адамнан тұратын бір топ адам өзгелердің өміріне қауіп төндіретін әрекеттерге барған. Бұл туралы  Алматы облысы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі  ақпарат таратты.

«Көктебі және Рахат ауылдық округтерінің тұрғындары арасында «Көкпар» ұлттық ойыны  өткендігі анықталды. Іс- шара аяқталғаннан кейін қатысушылардың бір бөлігі ойынды жол бөлігінде жалғастырғандығы белгілі болды. Аталған заңға қайшы әрекеттердің жолын патрульдік полиция экипаждары дер кезінде кесті. Сонымен қатар, ұлттық ойындар жергілікті атқарушы органдардың келісімінсіз өткізілгендігін атап өткен жөн»,- делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта «Көкпар» ойынын  ұйымдастырған 1998, 1997, 2000 және 1992 жылы туған Алматы облысы Рахат ауылының тұрғындары ұсталды . Олар ҚР ӘҚБтК- нің 434  бабы 1 бөлігі «ұсақ бұзақылық» дерегі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция аталған ұлттық ойынды ұйымдастыруға және өткізуге қатысқан өзге де азаматтарды анықтап жатыр.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы облысы