Парламент сайлауына барлық жеті саяси партия қатысып жатыр
Мәжіліс депутаты болуға партиялық тізім және бір мандатты округтер бойынша барлығы 892 азаматтың кандидатурасы ұсынылды. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бұл сайлаудың алғышарты 2022 жылдың наурыз айында, яғни, Президент өз Жолдауында саяси реформалардың жан-жақты бағдарламасын ұсынғанда қаланған болатын. Бір жылға жетпейтін уақытта партиялар үшін шынайы бәсекелестік орта қалыптасты, азаматтардың Парламент пен мәслихаттарға өзін-өзі ұсынуына жол ашылды», - деп атап өтті Ерлан Қарин Телеграм-арнасында.
Оның айтуынша, бұған қолда бар статистика дәлел болып отыр.
«Мысалы:
1) Парламент сайлауына барлық жеті саяси партия қатысып жатыр. Оның екеуі партия туралы заңнамаға өзгерістер енгеннен кейін тіркелді. Сондықтан партиялар арасындағы бәсекелестік бұл сайлау кампаниясының негізгі элементі болмақ.
2) Мәжіліс депутаты болуға партиялық тізім және бір мандатты округтер бойынша барлығы 892 азаматтың кандидатурасы (орташа есеппен 1 мандатқа 9 үміткерден келеді) ұсынылды», - деді Мемлекеттік кеңесші.
Ол сайлауға қоғам қайраткерлері мен азаматтық белсенділердің көптеп қатысып жатқаны (оның ішінде, әдетте билікті сынап жүрген азаматтар да бар) олардың жүргізіліп жатқан реформаларға сенімі мен қолдауын білдіретінін атап өтті.
«Елімізде соңғы жылдары болған барлық өзгерісті, барлық жаңашылдық пен реформаларды жұртшылықтың қызу қолдап отырғанын халық арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеулер де көрсетіп отыр. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының мәліметінше, қазақстандықтардың 71,7 пайызы еліміз дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп санайды», - деп жазды Е. Қарин.