«Қамалған жоқпын». Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары мәлімдеме жасады
Руслан Мамунов өз үндеуін әлеуметтік желіде жариялаған
Өткен аптада бірқатар БАҚ-та Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Руслан Мамунов қамауға алынды деген ақпарат тараған болатын. Бірақ, бұл ақпараттың жалған екенін алдымен Мамунов басқарып отырған Ақтөбе облыстық футбол федерациясы, кейін шенеуніктің өзі мәлімдеді.
«Мен, Мамунов Руслан Маратұлы, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, БАҚ пен әлеуметтік желіде тараған ақпараттарға қатысты мәлімдеймін:
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі менің Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары және «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» жетекшісі ретіндегі қызметтеріме қатысты ешқандай тергеу шараларын жүргізіп отырған жоқ. Мен төрт жыл бұрынғы фактіге қатысты күдікті ретінде сұралып жатырмын. Мені ешкім ұстаған жоқ, қазір шаруаларыммен Нұр-Сұлтан қаласында жүрмін, еркін жүріп-тұруыма қатысты ешқандай шектеу жоқ.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңға бағынатын азаматы ретінде, өзімнің Конституциялық құқықтарым бұзылған жағдайда, Бас прокуратураға шағымдануға құқылымын», - деп жазды Р.Мамунов өзінің Facebook-парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, Руслан Мамунов Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметіне 2019 жылдың қарашасында келген болатын. Облыстық экономика мен бюджетті жоспарлау, облыс ішіндегі проблемаларды үйлестіріп, шешу, шағын қалалар мен селолық аудандарды кешенді дамыту, мемлекеттік сатып алу, облыстың салық әлеуетін басқару, мемлекеттік сатып алу сияқты маңызды салалар осы Руслан Мамуновтың мойнына жүктелген лауазымдық қызметтердің қатарына жатады. Ал, қазір Ақтөбе облысын Оңдасын Оразалин басқарып отыр.