ОСК Мәжіліс сайлауына ЖСДП-ның партиялық тізімін тіркеді
Астанада Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті
6 ақпан күні Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Орталық сайлау комиссиясына Парламент Мәжілісінің сайлауына қатысатын партиялық тізімінің құжатын тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы кандидаттардың Конституция мен Сайлау туралы конституциялық заң талаптарына сай келуін тексеріп шықты.
Осы мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясында баяндама жасаған комиссия мүшесі Анастасия Шегроцова ЖСДП партиялық тізімінде 19 кандидат бар екенін, оның 31,6%, яғни, алты адам әйел, жастар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар екенін хабарлады. Партиялық тізімге енген азаматтардың бәрі Конституция мен Сайлау туралы конституциялық заң талаптарына сай келеді.
Анастасия Щегорцова атап өткендей, ЖСДП бұның алдындағы парламенттік сайлауға қатыспаған. Сондықтан, Сайлау туралы конституциялық заңның 88 бабына сәйкес, партиялық тізімді тіркеу үшін партия Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасын енгізуі керек. Жарнаның көлемі – партиялық тізімге енген әрбір азамат үшін ең төменгі жалақының он бес еселенген мөлшерін құрайды. Жалпыұлттық социал-демокартиялық партия осы сайлау жарнасын толық көлемде енгізген.
Тиісті хаттамаларға қол қойылған соң, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері «2023 жылдың 19 наурызына белгіленген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс сайлауына Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның партиялық тізімін тіркеу туралы қаулы қабылдады.
Естеріңізге сала кетейік, 19 қаңтарда Президент жетінші шақырылымдағы Мәжілісті тарату және депутаттардың кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды, сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы шығарды. Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2023 жылғы 19 наурыз – бір күнде өтеді.