Бауыржан Байбек жетісайлық шаруалармен және дәрігерлермен кездесті
Кездесу барысында мақта индустриясын дамытуға мемлекеттік қаржылай көмек көрсету мәселесі көтерілді
Түркістан облысы Жетісай ауданына жұмыс сапарымен келген «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Абай ауылының тұрғындарымен, сондай-ақ, егіс алқаптарындағы шаруалармен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Кездесу барысында партия Төрағасының бірінші орынбасары шаруалардың егіс алқаптарын суару мәселесінің аса маңызды болып тұрғаны жайлы, сондай-ақ, егістік түрлеріне қарай берілетін субсидия, ағын су, каналдар жөндеу жұмыстарына қатысты ой-пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады.
Аграрлы аймақ тұрғындары бірнеше жылдан бері 2600-ден астам шаруа қожалығы пайдаланатын К-30 суландыру каналын қайта қалпына келтіру жұмыстарының аяқталмағанын, каналды бетондау жұмыстарының мерзімінен кешіктіріліп, көбінесе сапасыз жүргізілетінін жеткізді.
Бауыржан Байбек аталған мәселенің орталық, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар жұмысын үйлестіруді қажет ететінін айтты. Сонымен қатар, ауданда шикізатты өңдеп, дайын өнім шығаруға ден қою керек екеніне тоқталды.
Аудандағы жұмыс сапары барысында партия Төрағасының бірінші орынбасары шаруа қожалықтарының басшыларымен бірге мақта индустриясын дамытуға мемлекеттік қаржылай көмек көрсету мәселесін де көтерді.
«Бұл мәселелерді елордада партиялық алаңда партия мүшелері – ауыл шаруашылығы және табиғи ресурстар министрлерінің қатысуымен егжей-тегжейлі талқылауды жоспарлап отырмыз. Қорытындысын тұрғындарға қосымша хабарлаймыз», – деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Бұдан кейін Бауыржан Байбек Жетісай қаласында 1964 жылы салынған апатты жағдайдағы емхананың орнына жаңадан бой көтерген қалалық емхананың ғимаратымен танысып, аудан дәрігерлерімен жүздесті.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары ақ халаттыларды еліміздің бас партиясы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстармен, алдағы атқарылар жоспарлы тапсырмалармен таныстырды.
Медицина қызметкерлерімен жүздесу барысында денсаулық сақтау саласындағы мәселелер талқыланды.
Аудан дәрігерлері ауысымына 500 адамды қабылдауға арналған емхананың негізгі құрылыс жұмыстары аяқталғанымен, тиісті медициналық жабдықтардың толық жеткізілмеуінен нысанның бірнеше айдан бері пайдалануға берілмей келе жатқанын жеткізді. Бауыржан Байбек бұл мәселенің партиялық бақылауға алынғанын мәлімдеді.
«Түркістан облысында педиатр, жалпы емдеуші дәрігер, анестезиолог, офтальмолог секілді 200-ден астам маман жетіспеушілігі байқалып отыр. Бұлардың барлығы медициналық қызмет көрсету сапасына өз әсерін тигізеді. Аталған мәселелер партия алаңдарында жүйелі түрде қаралатын болады», – деді Бауыржан Байбек.