Елге пайда әкелмейтін депутаттардың бір бөлігі борттан тыс қалады деген үміт бар – саясаттанушы
19 наурызда елімізде Парламент Мәжілісі және мәслихаттардың сайлауы өтеді
Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын мерзімінен бұрын сайлау – бұл саяси жүйені либерализациялау мен модернизациялаудың тиімді кезеңдері. Бұл туралы саясаттанушы Эдуард Полетаев айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оның айтуынша, елімізде мұндай өзгерістің не себепті болып жатқаны түсінікті. Мемлекет басшысы саяси элитаны біріктіріп, оны жаңадан жасақтауды көздейді.
«Сайлауды өткізуге ескі Қазақстанда да, жаңа Қазақстанда да заңды түрде рұқсат болды. Жалпы, Парламентке Мәжіліс депутаттарын мерзімінен бұрын сайлау – бұл Қазақстанның саяси дәстүрі. Бұл тұрғыда заңды проблемалар туындамайды. Саяси негіздер – бұл, әрине ықпалды президент, мықты парламент, есеп беретін үкімет және ол қабылданған шешімдердің белгіленген инерциясы шеңберінде билік деген формула бойынша жаңа Қазақстанның құрылысы. Бұл сайлау тосынсый болған жоқ. Ол туралы алдын ала біраз уақыт бұрын жарияланды. Тек қай айда - наурызда немесе сәуірде өтетіні туралы сұрақ тұрды», - дейді сарапшы.
Эдуард Полетаевтың сөзінше, конституциялық реформалар мен президентті мерзімінен бұрын сайлау болғандықтан Мәжіліс пен мәслихаттардың да жаңартылуы орынды. Оның үстіне өткен жыл ауыр басталды. Қазақстанда қаңтарда қайғылы оқиғалар болып, Украинадағы жағдай да кері әсерін тигізді.
«Өкінішке қарай, Қазақстан экономикалық жағынан өзін өзі қамтамасыз ететін мемлекет емес. Орталық Азиядағы көршілерімен салыстырғанда дамыған ел болғанымен, экономика мен бюджет мұнайдың әлемдік бағасына, транзиттік мүмкіндіктерге тәуелді. Біз барлық қажетті тауарларды өндіре бермейміз және әлеуметтік-экономикалық дағдарыс әлі де жалғасуы мүмкін және оның ұзақтығы бір жылдан да асуы ықтимал. Бұл наразылық тудыруы мүмкін. 2022 жылы инфляция қаншалықты күшті болғаны бәрімізге мәлім», - дейді ол.
Билік үшін қазір жан-жақты және халықтың есінде қалатын құрылым жасау маңызды. Іс жүзінде оның қалай болатыны белгісіз. Алдыңғы сайлауда келеңсіздіктердің болғанын мойындау керек.
«Енді жаңа адамдар мен жаңа идеялар пайда болуы мүмкін деген үміт бар. Себебі бір ғана конформистердің дауыс беруі жеткіліксіз. Бізде әсіресе, дәстүрлі түрде президенттік сайлауда парламенттік сайлауға қарағанда көбірек сайлаушылар жиналады. Бірақ негізінен, үкімет пен билік үшін күні кеше ғана таратылған қазіргі құрам салыстырмалы түрде қолайлы болды, бірақ мәселе оның жаңа саяси жағдайларға сәйкес келмейтіндігінде. Өкінішке қарай, көп депутат жоғары саяси қоғамдық белсенділік танытпады. Тіпті саясаттанушылар олардың фамилияларының бәрін түгелдей тізіп шыға алмайды», - дейді сарапшы.
Саясаттанушы Жаңа Қазақстанның саяси реформаларына сүйене отырып, мерзімінен бұрын өтетін сайлаудың қисынға сай келетінін атап өтті. Өйткені, билікті басқаша бұруға болады, бұл ретте әсіресе қалыптасу принциптері өзгеруде.
«Яғни, егер Мәжіліс бұған дейін партиялық болса, енді 70/30 ретінде аралас жүйе пайда болады. Содан кейін мәслихаттар 50/50 болып құрылады. Облыстық маңызы бар қалалар мен аудандарда бір мандатты кандидаттарға ғана дауыс берілетін болады. Мұның тиімділігі неде? Адамдар қызығушылық танытады. Егер бұрындары адам мандат тізімінде болса, ол өтетініне немесе өтпейтініне сенімді емес еді. Енді адамдар тәуелсіз саясаткерлер ретінде белсенді болады. Бұл сайлаушылардың қызығушылығының артуына, әртүрлі пікірлер мен көзқарастардың кең ұсынылуына әкелуі керек.
Парламентте үш партияның орнына кем дегенде төрт партия болуы мүмкін деген болжам бар. Ең бастысы, бұл саясатқа бей-жай қарамайтын азаматтардың Қазақстанда бір нәрсені өзгертуге және қоғам мен мемлекеттің дамуына ықпал етуге болатындығына деген қызығушылығын оятады. Қалай болғанда да елге пайда әкеле алмайтын, әрекетке қабілетсіз депутаттардың бір бөлігі борттан тыс қалуы мүмкін деген үміт бар», - деді Полетаев.