ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 1430 адамнан коронавирус анықталды

Нұркент: жаңа шаһар құрылысы қалай жүріп жатыр

Қалада инфрақұрылым тарту қарқын алған

Аймақтық құрылыс басқармасы ресми сауалға жауап ретінде биылғы жылы жаңа қаланың инфрақұрылымына 5 млрд теңгеден астам қаржы бағыттау жоспарланғанын хабарлады, деп жазады lsm.kz.

«Жалпы, «Нұркент инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарының құрылысы. Бірінші кезең» жобасы 74,6 млрд теңгені құрайды. Бұл сома өзгерген жоқ. 2020 жылдың республикалық бюджетін нақтылау үшін 5,6 млрд теңгеге бюджеттік өтінім берілді», - деп түсіндірді басқарма.

Бұл сома телефон байланысын тарту, электр желілерін жүргізуге, сондай-ақ бірінші ауданның 110 кВт электр станциясын және су жинау құрылыстарын салуға бағытталатын болады. Басқарма жыл соңына дейін 1 млрд теңгеге 60 пәтерлі екі үйдің құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, биылғы жылы тағы да 1 млрд теңгеге 60 пәтерлі екі тұрғын үй салғысы келеді.

«2020 жылдың сәуір айында 80 пәтерлі екі үйдің құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу аяқталады деп күтіледі. Сонымен қатар, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы өз қызметкерлері үшін, 60 пәтерлі төрт тұрғын үй соғады. Компания үкіметке ақшалай қаражат бөлу туралы хат жолдады»,- делінген мақалада.

Басқармада базалық мобилизацияланған кешенді (БМК) электрмен жабдықтау және жылумен жабдықтау желілері жүргізілген. Сондай-ақ, су бұру желілерін салу жұмыстары аяқталуда. Ақпаратқа сәйкес, бұған 2,4 млрд теңге жұмсалды. Қалада 99 мың адамға дейін тұратын болады деп жоспарланған.

Айта кетейік, Нұркент 2035 жылға қарай Қазақстан-Қытай шекарасында салынады. Жобалық шекарадағы қала алаңы 6895,9 гектарды құрайды. Қалада биік ғимараттар, мұз арена, мұражайлар мен сауда орталықтары болады. Қазіргі уақытта онда 2 мың тұрғыны бар елді мекен орналасқан. Жаңа қала «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының құрамына енеді.