Дариға Назарбаева ЕАЭО аясындағы кедергілерді атады

Автор: Azattyq Rýhy

ЕЭК алқасының төрағасы Армениядан әкелінген автокөліктердің мәселесін қозғады

Бүгін Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Еуразия экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясниковичпен кездесті. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады. 

Кездесу барысында Еуразиялық одақ елдерімен сауда барысында қазақстандық бизнес жиі тап болатын кедергілер талқыланды.

«Атқарылған жұмыстарға қарамастан, кедергілер мен тосқауылдар азайған жоқ, қайта көбейе түсуде. Бүгінде келісілген кедергілер тізілімі 66 тармақтан тұрады. Кезінде бұл тізілім 60-тан басталатын. Бұл көрсеткішті азайтудың орнына, біз жыл санап жаңа кедергілер жасап немесе бұрынғыларды жоя алмай, санын көбейтіп отырмыз», - деді Д. Назарбаева.

Қазақстан тауарларының Ресей нарығына қол жеткізудегі кедергілер, қазақстандық бірқатар тауар өнімдері транзитіне тыйым немесе шектеу қою, электронды декларациялау қағидатының сақталмауы, белгілі бір тауарларды жеткізуде түрлі талап қою арқылы кедергілерді техникалық реттеумен бүркемелеу мәселесі отандық бизнестің алдындағы негізгі қиындықтардың бірі ретінде атап өтілді. 

ЕЭК алқасының төрағасы Михаил Мясникович Қазақстанға Армениядан әкелінген автокөліктер мәселесін қозғады.

«Бұл жерде рәсімдер дұрыс сақталмаған деп ойлаймын. Жеке тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы автокөлік тасымалдауы бойынша Армения жеңілдік тәртібіне ие болған еді. 1 қаңтардан бастап ол жеңілдік жойылды. Бірақ, шекара аймағында немесе жолда жетпей қалған автокөліктер бар», - деді ол.

Михаил Мясникович ЕАЭО аясында қол қойылған 25-ке жуық келісім мен шарттар бүгінгі күнге дейін ратификацияланбай отырғанына назар аударды. Сонымен қатар алқа басшысы экономикалық дауларды шешу үшін ЕАЭК-те сотқа жүгіну құқығы болуы керектігін және ЕЭК арбитражын құру қажеттігін атап өтті.

Д.Назарбаева аталған бастамаға қолдау білдірді және шешімдерді қабылдау рәсімі тым бюрократияланғаны мен оның ұзақ уақытқа созылатынын айтты.

Сондай-ақ Сенат спикері қазақстандық ауыр жүк көлік жүргізушілерінің Ресей-Беларусь шекарасындағы проблемаларына ерекше тоқталды.

«Одақтық мемлекеттердің іс-қимылы бойынша бұл шекарада халықаралық тексеру бекетінің болмауына байланысты шекарадан тек Ресей және Беларусь елінің азаматтары ғана өте алады. Бүгінгі күні қазақстандық жүргізушілерге шекарадан өтуге уақытша рұқсат бар, дегенмен оның өзі реттелмеген түрде», - деді Д. Назарбаева.