«Ешкім танымайтын үміткерлер ертең сюрприз жасауы мүмкін»: Мәжіліс депутаты сайлауға түскендердің «сықпыты» жайлы
Сайси науқан 20 қарашаға жоспарланған

Қазақстан президенттігіне кандидатурасын ұсынған 12 адамның үшеуі бүгін жарысты бастамай жатып аяқтады. Орталық сайлау комиссиясы өзгелерінің қаншалықты талапқа сай екенін анықтап жатыр. Осы ретте қоғамда болашақ кандидаттарға қатысты түрлі пікірлер айтылуда. Мәселен, бұл адамдардың біразын халық танымайды дейді әлеуметтік желі қолданушылары. Оның үстіне, журналистермен болған кездесуде «кандидаттардың» бірі президент болуды мақсат етпеймін деп елді бір «шошытса», өзгесі «әлі нақты ұстанымым жоқ» деп қойып қалды. Мұның бәрі кез келген азаматтың көкейінде күдік тудырары анық.
Осы мәселелерге байланысты Azattyq Ruhy тілшісі Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің пікірін сұрап білді.
Ешкім танымайтын үміткерлер – халық сұранысы
Депутат ешкімге танылып үлгермеген, аты енді шығып жатқан үміткерлер халық үнемі сұрайтын жаңа кадрлар екенін тілге тиек етті.
«Біз суперпрезиденттік жүйеден кетіп, демократиялық бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Халықтың билікке араласуына мүмкіндік беру бағытында көптеген бастама іске асырылды. Референдум өтті, конституциялық өзгерістер енгізілді. Бізді басқарып отырған Президентіміз де халықты мемлекеттік басқаруға мейлінше араластыру керегі жайлы айтты. Мәжіліс пен мәслихатта да өзгеріс болады. Президенттік институтта да өзгеріс болып жатыр. Осыған орай көп үміткердің қатысып жатқаны да ел ішіндегі азаматтардың белсенділігін көрсетеді», - дейді депутат.
Халық қалаулысы үміткерлердің ішінде ешкім танымайтын тұлғалардың болуы да халықтың сұранысы деп есептейді.
«Халықтың өзі жаңа кадрлар қайда, ескі кадрлардан құтылуымыз керек, жаңа адамдарды көруіміз керек деп жатыр. Сондықтан жаңа тұлғаларға сайлауға неге түспеске? 19 млн халықтың ішінде өзін президенттікке үміткерге лайықпын деп санайтын азаматтар бар ғой. Біз ешкімді шектемеуіміз керек. Конституциялық талаптарға сай келетін болса, Қазақстанның әр азаматы президент, депутат, әкім болуға құқылы. Біз тек адамнның бет-әлпеті мен аты-жөніне қарамауымыз керек. Ең бастысы үміткердің бағдарламасына назар аударуымыз керек. «Егер ол президент болған жағдайда халыққа не ұсына алады?» деген мәселені ескеруіміз керек», - дейді депутат.
Электоралды кезең – халықтың сеніміне ие болу
Еділ Жаңбыршин танымал емес үміткерлер халық сеніміне электоралды кезеңде кіре алатынын айтады.
«Үміткерлерге халықпен жұмыс істеуге уақыт беріледі. Электоралды кезеңде кандидаттар халыққа бағдарламасын таныстырып, олардың сұрақтарына жауап береді. Сол арқылы халықтың өзіне деген сенімі мен қолдауына ие бола алады. Бұл әр үміткердің жүргізетін жұмысына байланысты», - дейді Жаңбыршин.
Депутат барлық үміткер бірдей межеге жетеді деген ойдан аулақ екенін айтты. Себебі кейбіреуі сайлау кезінде орта жолдан шығып қалуы мүмкін. Кейбіреуі дауыс жинай алмауы мүмкін. Қазір 118 мың дауыс жинау керек. Осы талаптарды орындай алмауы да мүмкін. Сондықтан депутат «бәрі де мүмкін» деп отыр.
Жаңбыршин екінші тур мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, негізгі фаворит – ол қазіргі Президент. Сондықтан да ол бірінші турда-ақ басымдыққа ие болады деп ойлайды.
«Біз бұрын естімеген көптеген үміткер үгіт-насихат кезінде «сюрприз» жасауы әбден мүмкін. 20 қазаннан кейін айтамыз деп бағдарламаларын жасырып отырғандар да бар шығар», - деді ол.
Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек бола ма?
Депутаттың пікірінше, біз қиын әрі қызық кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Себебі айналамыздағы геосаяси жағдай қиын болып тұр. Сондықтан алдағы сайлау да күрделі әрі турбулентті жағдайда өтуі мүмкін. Бірақ халықтың саяси мәдениеті артып, белсенділік танытып отыр. Сол себепті де депутат президенттік сайлау қызықты болатынына сенімді.
Конституцияға енгізілген жаңа норма бойынша Президент бір рет 7 жылға сайланады.
«Көршілерімізде не болып жатқанын көріп отырмыз. Ол әрі қарай ушықпаса, жақсармайды. Оны көптеген саясаткер мен политтехнологтар айтып отыр. Осылардың барлығын ескере келе, сайлауды қазір өткізген дұрыс деп есептеймін. Билік көптеген өзгеріс жасаймыз деді. Өзгеріс жасау үшін президенттің қолында халықтың сенім мандаты болуы керек. Реформаны жалғастыру үшін сенім керек. Бұл – реформалардың басы. Конституциялық өзгерістерден кейін реформалар пакеті бар. Біз кеше бірнеше заңға өзгеріс енгіздік. Ол заң ертең іске асуы керек. Жергілікті басқару, орталық басқару мен экономикадағы өзгерістерді жүргізуге елдің басшысына уақыт керек. Ал халықтың сұрап оытрғаны: тездетіп реформаларды іске асыру. Уақыт күтпейді. Халықтың сенімін алып, үлкен өзгерістерді президент жасауы керек. Бұл сайлау сол үшін жүзеге асырылып жатыр деп есептеймін», - деді депутат.
Еділ Жаңбыршиннің пікірінше, қазір біз үлкен тарихи таңдаудың алдында тұрмыз.
«Біз өз президентімізді бірінші рет бір мезгіл 7 жылға сайлайын деп отырмыз. Бұл – үлкен жауапкершілік. Тек президенттің емес, халықтың да. Алдағы сайлауға біз белсенді қатысып, дұрыс таңдау жасауымыз керек. Себебі бұл тек биліктің ғана емес, мемлекет пен халықтың болашағы. Сондықтан бір адамның айналасына топтасып, үлкен реформалар жасауымыз керек. Осы күнге дейін барлығымыз жан-жаққа бөлініп жүрдік. Әртүрлі топқа, саяси күштерге бөлініп, кландық мүдделерге қызмет етілді. Қазір оның барлығын қоюымыз керек. Мемлекетімізді қиыншылықтан алып шыққымыз келсе, билік пен халық бірлесіп осы істі атқаруы керек. Сол кезде біз алға қойған мақсаттарға жете аламыз», - деп түйіндеді депутат.