Ол бұған АҚШ пен НАТО-ны айыптады
Ресей президенті Ауғанстандағы соғыс кезінде жергілікті халыққа келтірілген залалдың орнын толтыруға және заңсыз бұғатталған ауған қаражатын қайта қалыпқа келтіруге шақырды. Бұл туралы Владимир Путин Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитінде мәлімдеді.
Владимир Путин Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің форумында 30 жыл бойы Азия аумағындағы мемлекеттердің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы мәселесі талқыланып келе жатқанын атап өтіп, Ауғанстан мәслесіне тоқталды.
«Өкінішке қарай, біздің аймақ үшін қауіпсіздіктің ең өткір сын-қатерлерінің бірі Ауғанстан болып қала береді. Әріптестер бүгін бұл туралы айтқан болатын. Бұл ел АҚШ пен НАТО-ның 20 жылдан астам әскери қатысуынан, олардың саясатының сәтсіздігінен кейін террористік қауіп-қатерді өздігімен шеше алмады. Біз ауған халқына оккупация жылдарында келтірілген залалдың орнын толтыруға және заңсыз бұғатталған ауған қаражатын қайта қалыпқа келтіруге шақырамыз», - деді Путин.
Еске салайық, дәл қазіргі сәтте Ресейдің өзі Украинаның үш облысын өз құрамына қосып алды. 8 жыл бұрын Путин билігі Қырымды да Ресейдің бөлігі деп жариялаған. Қазір екі ел арасында қарулы қақтығыс жүріп жатыр.