ОСК президенттікке үміткер 3 адамды тіркемеді
Бизақова, Ерғалиев пен Ғабжалилов кандидат бола алмайды
Орталық сайлау комиссиясының отырысында бұл кандидаттар Қазақстанның кезектен тыс Президент сайлауына кандидатқа заң бойынша қойылатын талаптарға сәйкес еместігі анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ОСК Талғат Ерғалиевті президенттікке кандидат ретінде тіркеген жоқ. Себебі президенттікке ұсынылу үшін мемлекеттік қызметтегі өтілі бес жылдан кем болмауы керек. Ерғалиевтің 3,5 жылдық қана тәжірибесі бар болып шықты. Талғат Ерғалиевті Қазақстан құрылысшылар одағы ұсынған еді.
Тағы бір үміткер Фатима Бизақова да президенттікке кандидат ретінде тіркелмеді. Оған себеп мемлекеттік қызмет өтілі жоқ. Бизақованы «Практикалық психология» республикалық қоғамдық бірлестік атынан ұсынылды.
Хайрулла Ғабжалилов Қазақстан президенттігіне үміткерлерге қойылатын талаптарға сай келмейді. Себебі ол туғанынан Қазақстан азаматы емес, мемлекеттік қызметте тәжірибесі жоқ. Осыған дейін хабарлағанымыздай, Ғабжалилов Қарақалпақстанда дүниеге келген. Ғабжалиловты «Асар» оралмандар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі ұсынған болатын.