Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Астанада экология мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі конференция өткізуді ұсынды

Автор: Әсел Оршыбекова

Өткен жылы Азияда мұндай жағдайлардан 57 миллион адам зардап шеккен

Фото: ашық дереккөзден

Экологиялық өлшемнің маңызы арта түсті. Климаттың өзгеруі уақыт өткен сайын болжап білуі қиын, әрі зардабы ауыр табиғат апаттарына алып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің форумында табиғи апаттардың мәселесіне де тоқталып өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы Азияда мұндай жағдайлардан 57 миллион адам зардап шеккенін айтты.

«2050 жылға қарай Азия экономикасына осындай табиғи катаклизмдерден келетін ықтимал залал ЖІӨ-нің 26 пайызына дейін жетуі мүмкін. Таяуда Пәкістанда болған жойқын су тасқыны орасан зор гуманитарлық апатқа ұшыратты. Осындай қиын кезде біз Пәкістан халқымен және үкіметімен бірге екенімізді тағы да дәлелдедік. Климаттық дағдарыс әскери қақтығыстарға алып келіп, алапат әрі басқаруға келмейтін миграциялық нөпірдің катализаторына айналуы мүмкін», - деді Мемлекет басшысы.

Азия үшін экономиканы декарбонизациялау мәселесі өте өзекті болып табылады. Тоқаевтың айтуынша, бұл мәселені шешу үшін бұрын-соңды болмаған көлемде инвестиция қажет.

«Бір айдан кейін Египетте COP 27 Климаттық конференциясы өтеді. Сондай-ақ, 2024 жылы Астанада АӨСШК елдеріндегі экология мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі конференция өткізуді ұсынамын. Осы конференцияның нәтижелері экология саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша АӨСШК кеңесін құру үшін негіз бола алады», - деді Тоқаев саммитте.