Қазақстан мен Катар өзара ауылшаруашылық, энергетика, қаржы салаларын дамытады
Катар әмірі Астанаға арнайы сапармен келді

Қазақстан мен Катар мемлекеті арасында ауыл шаруашылығы, энергетика, мұнай-химия, тау-кен өнеркәсібі, қаржы салаларында келіссөздер жалғасын табады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Катар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни кеңейтілген құрамда жүргізілген келіссөз барысында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аудара отырып, қазақ-катар қарым-қатынасының жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Катардың әлемдік аренада маңызды рөл атқаратын халықаралық қауымдастықтың беделді мүшесі екенін атап өтті.
Екі ел де сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға ниетті. Қасым-Жомарт Тоқаев катарлық компанияларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеп, оларды еліміздегі бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, энергетика, мұнай-химия, тау-кен өнеркәсібі, қаржы салаларында мол мүмкіндіктер бар екеніне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Қазақстан мен Катар арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнағанына 30 жыл толатынын атап өтті.
«Бұл – ерекше мерейлі белес. Осы мерзім ішінде біз тығыз мемлекетаралық ынтымақтастық орнаттық. Сындарлы саяси диалог құрдық. Осының бәрі дәстүрлі достық пен берік әріптестікке негізделген. Астанадағы «Әл-Фараби» мешіті мен шейх Тәмим атындағы білім ордасы осының айқын көрінісі. Сондай-ақ, жуырда Алматы облысының Өтеген батыр кентінде Катар инвесторларының көмегімен перинаталды аурухананың құрылысы басталды. Біз Катар Мемлекетінің елімізді көркейтуге қосқан үлесі мен жан-жақты қолдауын ешқашан ұмытпаймыз. Болашақта да қазақ-катар қатынастарын әрі қарай дамытуға дайынбыз», – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Катар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад әл-Тани Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық көрсеткені үшін алғысын алғыс айтып, алдағы Республика күні мерекесімен құттықтады.
Катар Әмірі Қазақстанмен арадағы жан-жақты байланысты одан әрі дамытуға ниетті екенін атап өтіп, екіжақты үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыру қажет екенін айтты. Сондай-ақ, көпжақты құрылымдар бойынша, оның ішінде АӨСШК аясындағы жұмыстарды жалғастыру қажет екенін жеткізді.