«Ардагерлер ұйымы» Қазақстан Президенттігіне кандидат ұсынды

Автор: Azattyq Rýhy

Бақтықожа Ізмұхамбетов еліміз үшін маңызды саяси науқанға дайындықтың басталғанын атап өтті

Фото: ашық дереккөзден

Астанада «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің кезектен тыс Х съезі өтті. Съезд жұмысына еліміздің барлық өңірлерінен 101 делегат қатысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy zakon.kz-ке сілтеме жасап.

«Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов өз сөзінде еліміз үшін маңызды саяси науқанға дайындық басталғанын атап өтті.

«Съездің күн тәртібінде Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ұсыну мәселесі тұр. Бізге қазіргі уақытта әлемдік саясаттың шарттарын жақсы түсінетін, қажет болған жағдайда батыл шешім қабылдай алатын саяси тұлға қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев – мықты саясаткер. Оның жоғары білікті, халықаралық қауымдастық мойындаған тәжірибесі мен білімі елді жаңа биіктерге жетелейтініне сенімдімін», - деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Съезд делегаттары тиісті қаулы қабылдап, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатурасына бірауыздан дауыс берді.