Съезд 6 қазанда Астанада өтеді
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Айдос Сарым 6 қазанда партияның кезектен тыс өтетін съезінде қандай мәселелер талқыланатынын сөз етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. Бұл туралы депутат өзінің Telegram-каналында жазды.
«Съезд қарауына партия трансформациясының нақты жемісі ретінде жаңа Саяси тұғырнаманы бекіту ұсынылады. Бұл – ширек ғасырға жуық тарихы бар партия тарихында түпнұсқасы мемлекеттік тілде жазылған бірден-бір құжат десек, аса қателесе қоймаспыз. Құжаттың кіріспесінде «Біз қазақ тілін дамытуға, оның кеңінен қолданылуына бар күш-жігерімізді саламыз» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Бұл – аты айтып тұрғандай, партияның алдыңғы ұрпақтардан аманат етіп қабылдап, келешек ұрпақ алдында мойына алған абыройлы міндеті», - деп жазды Айдос Сарым тұғырнаманың мазмұнына тоқтала келе.
Депутаттың сөзіне сенсек, жаңа тұғырнама ел аумағындағы барлық партияластың талқылауынан өткен құжат. Яғни, тұғырнаманың әрбір бөлімі соңғы алты айда партияның бастауыш ұйымдарында, яғни аймақтарда өткен кездесулерде талқыланып отырған.
«Саяси тұғырнама – партияның қазіргі кездегі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты ұстанымын білдіретін, партияластарды ортақ ұйғарымға біріктіретін басты идеологиялық құжат. «AMANAT» партиясының бұдан кейінгі ұзақ мерзімді стратегиясы осы тұғырнамаға негізделіп құрылады», - деп жазды Айдос Сарым.
Естеріңізге сала кетейік, қыркүйектің соңында Партия төрағасы Ерлан Қошанов кезектен тыс XXIV Съезді 6 қазан күні Астана қаласына шақыру туралы Қаулыға қол қойды. Съезд жұмысына Қазақстанның барлық аймағынан делегаттар келеді деген жоспар бар.