Әлемде теңсіздік бар кезде вирусты тоқтату мүмкін емес - Рим Папасы

Автор: Azattyq Rýhy

Рим Папасының айтуынша, індет пен түрлі қайғылы оқиғалар кедей санатқа жататындарға айтарлықтай әсер етіп отыр

Рим Папасы Франциск Әлемдік және дәстүрлі діндердің VII съезінде сөйлеген сөзінде кедейлік пен теңсіздік тақырыбына тоқталды.

«Қоғамдағы осал топтың «дауысын» билік ести білуі керек. Қоғамның ең әлсіз және кедей топтарына, үнсіз азап шегетіндерге көмек көрсету керек. Оның ішінде вакцина алмағандарға тиісті көмек көрсетіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек»,- деді Рим Папасы.

Рим Папасының айтуынша, індет пен түрлі қайғылы оқиғалар кедей санатқа жататындарға айтарлықтай әсер етіп отыр.

"Бүгінгі күннің ең басты қауіп-қатері - кедейлік. Осы орайда Абай айтқандай, «аштыққа ұшырағандар анық ақыл-ойын сақтап, оқуда құлшынысын білдіре ала ма?» Кедейлік пен жанжал зорлық-зомбылық пен ашкөздік орын алған кезде әділеттілікке жету қиын. Әлемде теңсіздік бар кезде вирустарды тоқтату мүмкін емес. Бұған қоса, кейбір мемлекеттер арасында соғыс отының ушыққанын көріп отырмыз. Көпшілігі «Құдай жоқ» деген сипатта өмір сүреді. Сөйтіп, жауапкершіліктен жалтарады. Одан бөлек, бейбітшілікті қолдамайтын кейбір діннің атын жамалған топтар да жағдайды ушықтырып отыр. Абай айтқандай, зұлымдыққа жол бергендерде сенім жоқ. Қазақ ақыны осыған шақырды», - деді Рим Папасы.