Бауыржан Байбек Қордайдағы оқиғаға қатысты пікір білдірді

Автор: Azattyq Rýhy

«Мемлекетіміздің басты байлығы – елдің татулығы» деп атап өтті Бауыржан Байбек

Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жанжалға байланысты пікір білдірді. Ол ұлтаралық қарым-қатынастың өте нәзік дүние екенін айта келе, азаматтарды елдегі татулықты сақтауға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Nur Otan партиясының Инстаграм парақшасына сілтеме жасап.

«Мемлекетіміздің басты байлығы – елдің татулығы. Бейбіт елде ғана береке болады», - деді Бауыржан Байбек. Оның айтуынша, шағын кикілжіңнен қандай жағдайдың орын алатынын кешегі Қордай оқиғасы көрсетіп отыр.

«Ерегістің соңы үлкен жанжалға ұласты. Адам шығыны болды. Олардың иманы саламат болсын. Біз осындай сәттерде ашуды ақылға жеңдіріп, сабырлылық танытқанымыз жөн. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайда орын алған оқиғаға байланысты мәлімдеме жасап, қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтты. Оларға тиісті көмек көрсетуді тапсырды. Елде заң үстемдігінің сақталатынын қадап айтып, Премьер-министрдің орынбасары төрағалық ететін Үкімет комиссиясын құрды.
 Қазақстанның тыныштығы, ең алдымен, ел иесі - халқымызға керек. Заңға бағыну - барлық қазақстандықтардың міндеті. Ешкімге құзырлы органдарға күш көрсетуге жол берілмейді», - деді Бауыржан Байбек.

Ол ұлтаралық қарым-қатынастың өте нәзік дүние екенін атап өтті.

«Әп-сәтте бүлдіріп алу оңай. Егер елде татулық болмаса, ең алдымен халық зардап шегеді. Заңға жүгінген, татулық пен елдікті мұрат еткен Елбасы саясатын ұстанған елміз. Барлық мәселе заң аясында шешілуі тиіс. Баршамыз, ең алдымен, партияластар, осыған ұмтылуымыз керек», - деді Б. Байбек.