Нұрсұлтан Назарбаев Майк Помпеомен кездесті

Автор: Azattyq Rýhy

Майк Помпео Назарбаевқа Дональд Трамптың жылы лебіздерін жеткізді

Фото: elbasy.kz

Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеомен кездесті, деп хабарлайды Елбасының ресми сайты.

Әңгіме барысында Майк Помпео Қазақстанның Тұңғыш Президентіне АҚШ Президенті Дональд Трамптың жылы лебіздерін жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің стратегиялық серіктестігін нығайтуға бағытталған бірлескен күш-жігер мен қабылданған шараларды атап өтті. 

«Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде біз «Шеврон» компаниясымен келісім жасадық. Осы сәттен бастап Қазақстанға америкалық инвестициялар келді. Бүгінгі таңда бізде 410 бірлескен кәсіпорын бар. Америкалық инвестициялардың көлемі 45 миллиард доллардан асты», - деді Елбасы. 

Өз кезегінде Майк Помпео Қазақстанға сапары және келіссөздердің нәтижелері туралы айтты. 

«Мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Қазақстанның Сыртқы істер министрімен маңызды кездесулер мен келіссөздер өткіздім. Сіз Америка Құрама Штаттарының бұрыннан келе жатқан досысыз. Елдеріміздің арасында өзара тиімді серіктестік қалыптасқан. Қазақстандағы оң өзгерістер Сіздің жеке еңбегіңіз деп білемін. Елдің даму деңгейі де мені тәнті етті», - деді АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы.