«Қазақстандағы ұлтшылдарды жөнге салады»: Владимир Божконың басы тағы да дауда қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол Қазақстанның интернет сегментінде украиналық арнайы қызметтің мамандары жұмыс істейді деген пікірді айтты

Vlast.kz

Бұған дейін де қазақстандықтардың ашу-ызасына тиетін мәлімдемелерімен қоғамдық резонанс тудырған экс-министр Владимир Божконың басы тағы да дауда қалды. Бұл жолы ол Қазақстандағы ұлтшыл азаматтарға Ресей жақтан тықыр таянып қалды деген сарындағы жазбаны өзінің Facebook-парақшасында бөліскен.

Дау тудырған жазбаның авторы ШҚО журналисі Сергей Васильев. Ол әлеуметтік желіде ресейлік әріптесі Семен Ураловтың пікірін жариялаған. Жазбада Қазақстан мен Ресейдің бас прокурорлары кездесіп, біздің елдегі ұлтшылдар мәселесін талқылағаны туралы айтылған. Сондай-ақ, РФ бас прокуроры Игорь Краснов Қазақстан тұрғындары арасында орыс ұлтына деген жеккөрінішті тудыратын әрекеттер жасалып жатқанын айтыпты-мыс. Сондықтан шілде айында ресейлік сарапшылар елордаға келіп, экстремизм мен терроризмге қарсы тәжірибесімен бөліседі екен.

«Қазақстандағы ұлтшылдарды жөнге салатынына үміттенемін. Қазақстандық кейбір саясаттанушыларға бұған дейін жазған жазбаларын өшіруге кеңес беремін», - дейді ресейлік журналист Семен Уралов.

Дәл осы жазбаны Facebook-те бөліскен Владимир Божко өзіне қарсы жазылған пікірлерге шамданып, өзінің судан таза сүттен ақ екенін тұспалдапты. Яғни, қос елдің прокурорларының кездесуі дәстүрлі шара екенін, Қазнетте украиналық арнайы қызметтің жұмысын анықтау қажет екенін жазған.

Владимир Божко қазір зейнетте. Ол еңбек жолында лауазымды қызметтер атқарды. Атап айтқанда, ҚР Төтенше жағдайлар министрі, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, Ішкі істер министрінің орынбасары және ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты болған. 2019 жылы оның «Қазақстандықтар билікке тізерлеп тұрып рахмет айтуы керек» деген мәлімдемесі қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Соған қарамастан экс-министр халықтан кешірім сұраған жоқ.

Еске салайық, ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабында Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға тыйым салынған.