$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Қадыров өз сөзіне өзі жауап берер»: ҚХА өкілдері Шешенстан басшысының үндеуіне пікір білдірді

Қадыров Ресей Қазақстанды құтқарғанын айтып, видеоүндеу жасаған болатын

«Қадыров өз сөзіне өзі жауап берер»: ҚХА өкілдері Шешенстан басшысының үндеуіне пікір білдірді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Осыдан бірер күн бұрын Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымы елдеріне бейне үндеу жасған еді. Ол ұйым құрамындағы елдерден Украинадағы оқиғаларға қатысты ұстанымын айтуды сұрады. Сондай-ақ ол бұл тұрғыда қазақстандықтарды Ресейге қолдау көрсетпеді деп ашық айыптады. Осыған байланысты еліміздегі шешен-ингуш диаспорасының өкілдері пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«ҰҚШҰ аясында Қазақстан мен Ресейдің өз келісімдері бар. Екі ел бір-біріне көмектесіп, қол ұшын созып келген. Кешегі қаңтар оқиғасында ұйымға мүше елдер әскер жіберді, дегенмен олар негізінен нысандарды ғана күзетіп тұрды. Тәртіпті орнатқан өзіміздің әскер. Ал Рамзан Қадыровтың айтқан үндеуіне қатысты дұрыс, не бұрыс деп пікір айта алмаймын. Бір елдің басшысының үндеуі болғандықтан оған біздің елдің басшылары жауап беретін шығар. Қадыров өзі өз сөзіне жауап берер. Бірақ Қазақстан туралы айтылып жатқан осындай пікірлер біздің жанымызға батады. Өйткені біз Қазақстанның азаматымыз. Тағы бір айтарым, шешендер қазақтардан көрген жақсылықты, көмекті ешқашан ұмытпайды, бір адамның сөзі үшін оны қайта-қайта айта бермесе екен деймін», - деп пікір білдірді Батыс Қазақстан облысын бойынша «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Данилбек Саратов.

Ал Алматыдағы «Вайнах» шешен ұлттық мәдени орталығының төрағасы Ахмед Мурадов Рамзан Қадыровтың үндеуін эмоциямен айтылған дейді.

«Әрине, Рамзан Қадыровтың айтқан сөзін мұқият тыңдап шықтым. Ол Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымына қатысты өз түсінігін ғана жеткізген. Мәскеумен келісілген бе, жоқ па білмедім. Бірақ бір анығы Дмитрий Песков: «ұйымға мүше мемлекеттердің Ресейдің арнайы операцияларына қатысуы қарастырлмайды» деп нақты айтты емес пе?! Қарастырылмаса, несіне алаңдаймыз?! Ал Қадыровтың «бізге қазір қиын, неге келіп көмекпеспейсіңдер» деп айтуының бәрі тек эмоция. Ақпан айында олар Киевке дейін, тіпті Украинаның батыс шекарасына дейін барамыз деп мәлімдеген еді. Өздері жоспарлағандай болмаған соң, болары енді болып жатыр ғой, несін айтамыз… Соғыстың не екенін жақсы білетін адам ретінде, бәрі бейбіт түрде шешілсе деймін. Соғыс деген жаман, бірақ ол әйтеуір бір күні аяқталады. Ресейден болсын, басқа елден болсын Қазақстанға төніп тұрған қауіп жоқ деп ойлаймын. Соғыс бола қоймас. Бірақ кез-келген уақытта сақадай сай болуымыз шарт», - деді ол.

Естеріңізде болса, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров өзінің Telegram-каналында видеоүндеу жариялап онда былай деген еді:

«Ресей Қазақстанды құтқарды. Армения мен Әзербайжан арасында соғыс болған кезде Путин басты рөл атқарды. Қазақстан егемендігінен айырыла жаздаған кезде кім көмектесті? Ресей. Ешкімнен қорықпады. Неліктен біздің ата-бабаларымызды өлтірген бандерлерге, ұлтшылдарға және фашистерге қарсы ұстанымдарың жоқ?», - деген еді.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург экономикалық форумында сөйлеген сөзінде Қазақстанның ДХР мен ЛХР-ны мойындамайтынын ашық айтты.

Серіктес жаңалықтары