«Ойланбай жасалған мәлімдеме» - өзбек сарапшысы ЕАЭО-қа қатысты Валентина Матвиенконы сынады

Автор: Azattyq Rýhy

Ресей Федерациясы Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенко Өзбекстан Еуразиялық экономикалық одаққа кіруді жеделдетуі керек деп мәлімдеді. 

Фото: rusvesna.su

Матвиенко Өзбекстанның «Олий мәжілісі» парламенттік палатасының басшысы Нұрдинжон Исмоиловпен кездесу барысында осы мәселені көтерген. «Біз Өзбекстан президентінің ЕАЭО қатарына кіруіне орай шешім қабылдап, осы мәселе төңірегінде ел ішінде талқылаулар жүріп жатқанын білеміз. Ендеше аталған сұрақтың ерте ме, кеш пе оң шешім табатынына үміттенеміз» деді ресейлік саясаткер. Бұл туралы eadaily.com ақпараттық порталы жазады.

«Өзбекстанның ЕАЭО мүшелігіне өтуі Ресеймен арадағы ықпалдастыққа жаңа леп береді деп үміттенемін. Қазір қос мемлекет арасында түрлі кедергілер бар. Меніңше мақұлдау процестері ұзаққа созылмауы керек. Сондай-ақ, мен 2019 жылдың желтоқсан айында Өзбекстанда өтетін парламенттік сайлаудың мониторингтік миссиясына қатысуға дайынмын. Егер шақыру болса, парламентаралық ассамблеяның атынан баратын боламын», - деді Ресей Федерациясы Кеңесінің төрағасы.

Қазақстандық қаржыгер әрі экономист Айдан Кәрібжанов мұны айтарлықтай жаңалықтан гөрі жәй естілетін қоңыраудың үні сияқты деп бағаладым дейді. «Десе де, ресейлік салмақты саясаткердің мәлімдемесін қызу талқылап жатқандар жетерлік. Өз басым өзбек ағайындардың осы одаққа кіргенін қалайтын едім. Біздің Орта Азиялық аймақта қазірдің өзінде 60 млн. тұтынушысы бар еркін экономикалық аймақ құруға мүмкіндік бар. Қазір барлық өндірушілер алпауыт елдің көлеңкесінен шыға алмай отырғанын жасармаймыз» дейді Кәрібжанов. Ол бұл туралы Фейсбуктегі парақшасында жазба қалдырған.  

«Ресей қазір өз проблемаларымен басы қатып отырған елдің бірі. Біздің экономикамен ұқсас, ресурстарды экспорттаумен айналысады. Бір-бірімізге сауда жасайтындай өнім жоқ. Сондықтан сауда-саттық та сылбыр. Беларусь пен Армения гомеопатиялық дозамен ғана отыр. Қырғызстан қасымызда орналасқандықтан, аз да болса саудада ілгері жылжу бар. Ал Өзбекстанның жағдайы басқаша. Бұл ел одаққа кірсе ішкі нарықта серпіліс болар еді.  Нарықтағы бәсекелестікке жол ашылу үшін  азық-түлік, жеміс-жидек және құрылыс саласындағы отандық кәсіпорындар  үшін өте маңызды» - деп жазады А. Кәрібжанов.

Фото. Расул Рысмамбетов, экономист.

Экономист Расул Рысмамбетов те Өзбекстанның ЕАЭО-қа кіруі туралы ақпаратты аса бір жоғары бағалай қоймағанын айтады. Оның айтуынша, бұл тақырып Ресей басылымдарының Матвиенкоға сілтеме жасап, жарыса жазып жатқанымен қатты тарап отырғанын айтады. 

«Ал жалпы бұл одақ туралы айтатын болсақ, Қазақстан осы күнге дейін нақты бір пайда көріп келеді деп айтпаймын. Тіпті қазақстандық компаниялардың Ресей нарығына шығады деген үміті күл талқан болды. Ал жобалар бастапқыда жоспарланған масштабта жүзеге аспады. Сондықтан бұл кеңістікте Ресей өз үстемдігін көрсете  бермек.  Ендеше Айдан Кәрібжанов  айтып отырған пікірдің де жаны бар.  Себебі қазір Қазақстан ЕАЭО-тың құрамында бар да, ал Өзбекстан ол жерде жоқ. Бұл көрші елдердің  экономикалық байланыстарын жеңілдетпейді. Сондықтан өзбек елі мен Қазақстанның бір экономикалық бірлестіктің құрамында болуы маңызды», - дейді сарапшы.

 

Фото. Бахтиер Эргашев, «Ma'no» зерттеулер инициативасы орталығының директоры (Ташкент)

Ташкенттегі «Ma'no» саяси-экономикалық инситутын басқаратын, Өзбекстанның Ресей және Орталық Азия елдерімен ықпалдастығын зерттеп жүрген Бахтиер Эргашев те осы тақырып төңірегінде пікірін айтты. Өзбек сарапшысы өзге бір елдің парламент жетекшісі жасаған саяси мәлімдемеге пікір білдіруге ерте деп есептейді. «Ресей Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенконың бұл бастаманы не мақсатпен айтып отырғанын бағамдау қиын. Бірақ өзбек билігі әзірге үнсіз» дейді маман.  

«Мен бір мемлекеттің Парламент жетекшісінің өзіне қатысы жоқ басқа бір елдің мәселесіне пікір білдіруін жауапсыздық деп ойлаймын. Мұны талқылағым да келмейді. Оның үстіне аталған мәлімдемеге қатысты Өзбекстанның атқарушы билігі ресми жауап қатқан жоқ. Өзбек мемлекетінің басшылығы қандай реакция танытады деп күтіп отырмын. Сіз кешеден бері осы бойынша хабарласқан ондаған журналистің бірісіз. Бірақ, мен барлығына істің соңын күтейік деп айтқым келеді. Мен өзбек еліндегі салмақты сарапшының бірімін, жауапсыз блогер емеспін», - дейді ол.  

Десе де Бахтиер Эргашев Фейсбуктегі парақшасында Матвиенконың ЕАЭО-қа Өзбекстанның кіруі туралы мәлімдемесіне қатысты кейбір позицияларын білдірген. Ол жазбасында бұл бастаманы мәлімдеу форматы қызық екенін, Парламент басшыларының деңгейінде талқыланатын мәселе еместігін меңзейді. Сарапшы бұл сұрақтың нақты жауабы Өзбек басшысының 2020 жылы Ресей Федерациясына жопсарланған мемлекеттік сапары аясында берілетініне сенімді. Сондай-ақ, Бахтиер Эргашев әлеуметтік желідегі жазбасының астында қалдырған пікірінде «ЕАЭО-қа кіргенде не ұтамыз, неден ұтыламыз?» деген сауалдарға да жауап бере кетіпті. 

«Мен бұл туралы бірнеше рет жаздым. Плюстері: гастарбайртерлердің жағдайында оң өзгеріс болады, ЕАЭО нарығына кіргенде тауарларымыздың еркін қозғалысы, экспорттық әлеуеті артады. Тіпті инвестицияның көптеп келуін болжауға болады. Ал минусы: тәуелсіздікке қауіп төнеді, кедендік-тарифтік мәселелерді реттеу саяси мәселе. Көлік өндірісінен бастап, азық-түлік өнімдеріне бәсекелестік артқанда, шыдас береміз бе деген сұрақ төңірегінде ойлану керек. Техникалық реттеу мен стандарттау да әркелкі.  Сондықтан бұл ұйымға кіруге асықпауды ұсынар едім. Үкімет мұның бәрін салмақтап барып, шешім қабылдайды деген ойдамын», - дейді Эргашев.  

Осы күнге дейін кейбір сарапшылар Өзбекстанның одақ қатарына қосылуы ұзаққа созылуы мүмкін деп келген болатын. Олар Өзбек тарапына экономикалық альянсқа бірден кірмей, Молдова секілді  байқаушы мәртебесімен бастауды ұсынған. Бұл халықаралық экономикалық бірлестікті құру туралы келісімге 2014 жылы қол қойылды. Ал 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕАЭО-тың мүшелері ретінде Ресей, Беларусь, Қазақстан және Армения тіркелген.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы