Тоқаев БАӘ премьер-министрімен кездесті
Кездесуде екі елдің өңірлік және жаһандық деңгейдегі серіктестік мәселелері талқыланды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ вице-президенті, премьер-министрі, Дубай билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактуммен кездесті. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
Тараптар цифрлық экономика, электрондық коммерция, заманауи инфрақұрылым, жасанды интеллект, қаржылық қызмет көрсету ісі, инвестиция, туризм индустриясы, құрылыс пен көлік салаларындағы ынтымақтастықтың перспективаларын қарастырды.
Мемлекет басшысы БАӘ-нің туризм бағытындағы тәжірибесі Қазақстан үшін маңызды екенін айтты.
«Біздің еліміз туризмнің жаһандық тарихпен байланысты қызметтерін ілгерілетуге дайын. Мысал ретінде Алтын Орданы алуға болады. Осыған орай ішкі туризмді дамытудағы, оны саяхатшылар үшін тартымды бағыт етудегі Әмірліктердің туристік бизнесті жүргізу тәжірибесі бізге өте маңызды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Шейх экономиканың әртүрлі секторларын дамыту жөніндегі тәжірибесімен бөлісуге дайын екеніне тоқталып, Қасым-Жомарт Тоқаевқа Дубайдың «ЭКСПО-2020» дүниежүзілік көрмесіне дайындық барысы туралы айтқан.
Тоқаевтың БАӘ-ге ресми сапарының екінші күнгі бағдарламасы аясында Дубайдың Халықаралық қаржы орталығын (DIFC) аралап көрді. Халықаралық қаржы орталығының басқарма төрағасы Ариф Амири Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы экономикалық аймақ жұмысының принциптері, қажетті заңдық, коммерциялық және басқа да инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету арқылы бизнес пен қаржы институттары үшін тартымды жағдай жасау жөнінде айтты.
Бүгінде Орталыққа заңды түрде 2300-ге жуық компания тіркелген. 2024 жылға қарай олардың Дубай Әмірлігінің жалпы ішкі өніміне қосатын үлесі шамамен 15 пайыз болмақ.
Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Дубайдың Халықаралық қаржы орталығы арасында тығыз ықпалдастық орнатудың, Дубайдың табысты тәжірибесін «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.