Тоқаев БАӘ ірі бизнес өкілімен кездесті
Абу Даби әмірлігін билеуші әулеттің өкілі Қазақстандағы жаңа жобаларға инвестиция салуға ниет білдірді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ-ге ресми сапарында Абу Даби әмірлігін билеуші әулеттің өкілі, БАӘ ірі бизнес өкілі, «Etihad Towers» көпфункционалды кешенінің иесі, «First Abu Dhabi Bank» акционері шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаянмен кездесті.
«Кездесуде Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның Таяу Шығыстағы сенімді серіктестерінің бірі екенін, сапар барысында Абу Дабидің тақ мұрагері, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаласқандарын атап өтті», - делінген Ақорда сайтының хабарламасында.
Шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаян «West Hydrocarbons Commercial Investment LLC» компаниясы Батыс Қазақстан облысында мұнай өңдеу зауытын салып жатқанын айтты. Алдағы уақытта да біздің елімізбен бірлесіп жұмыс істеуге, жаңа жобаларға инвестиция салуға ниет білдірген.