Бауыржан Байбек фейсбукте жеке парақшасын ашты
«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек facebook желісіндегі алғашқы жазбасында оқырмандарын партия көтеріп отырған мәселелерді талқылауға белсенді қатысуға шақырды.
«Бірнеше айдан бері Елбасы, «Nur Otan» партиясы лидерінің тапсырмасы бойынша Үкіметпен және өңірлік филиалдармен бірге аудандарды, қалалар мен облыстарды дамытудың 5 жылға арналған жаңа бағдарламаларын әзірлеу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бағдарламаларда жергілікті ерекшеліктерді есепке ала отырып, әрбір жекелеген өңір азаматтарының нақты қажеттіліктері көрініс табатын болады. Еліміздің барлық елдімекендері, оның ішінде ең шалғай аудандар мен ауылдар да қамтылады», - деп жазады Бауыржан Байбек.
Бауыржан Байбек таяуда «Nur Otan» партиясының басшылығы еліміздің бүкіл өңірін аралауды жоспарлап отырғанын, аралау барысында әрбір азаматпен кездесіп, оларды тыңдап, толғандырып жүрген мәселелерді «түртіп алу» көзделгенін жазды.
«Осы жұмыстардың ашықтығы үшін Facebook-те өз парақшамды ашуды жөн көрдім. Мұнда сіздермен тікелей өз әсерлеріммен, жоспарларыммен бөлісіп отырамын. Сіздер конструктивті ұсыныстар беріп, партия көтеріп отырған мәселелерді талқылауға белсенді қатысасыздар деп үміттенемін», - делінген.