Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ негізін қалаған шейхтің рухына тағзым етті
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абу-Даби қаласының ең көрікті жерлерінің бірі – шейх Заид мешітіне барып, Біріккен Араб Әмірліктерінің негізін қалаушы және алғашқы президенті шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаянның рухына тағзым етті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
«Өз халқының ұлы перзенті, Әмірліктердің негізін қалаушы шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаянның рухына тағзым етемін. Бауырлас Әмірліктер халқының ырысы мол, берекесі баянды, мерейі лайым үстем болуына шын жүректен тілектеспін!», – деген қолтаңба қалдырды Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Заид мешітіндегі Құрметті қонақтар кітабына.
Айта кетсек, Қазақстан Президенті 27 қаңтар күні БАӘ-ге ресми іссапармен барған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев сапар аясында Абу-Дабидің тақ мұрагері, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізді. Тараптар екіжақты қарым-қатынастарды жандандыруға, экономикалық серіктестікті кеңейтуге баса назар аударған.