Ереваннан естелік. Пашинянның селфиімен ерекшеленген президенттер кездесуі тағы несімен есте қалды?
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ли Сянь Лун Ереван көшелерін армансыз аралады

«Хитқа» айналған селфи
Армения астанасы Ереванда өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы туралы ақпарат негізінен Никол Пашинянның Facebook-тегі ресми парақшасында жылдам тарады. Ал, әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы - Армения басшысының саммит басталмай тұрып жасаған селфиі интернетте нағыз «хитке» айналды. Бұл фотода Қазақстан, Қырғызстан, Молдова президенттері мен Сингапурдың премьер-министрі бар.
Пашинянның ерекше белсенділігі әсер етті ме, Сингапур премьері Ли Сянь Лун де әріптестерімен кілемнің фонында селфилеткен.
Бірақ екі фотода да, Ресей президенті Владимир Путин жоқ. Кремль қожайыны Францияның бұрынғы президенті Жак Ширакты ақтық сапарға шығарып салу сапарына қатысамын деп тағы кешіккен секілді. Әріптестерінің үнемі кідіріп жүретініне еті үйренген бе, әйтеуір Тоқаев, Жиенбеков, Дадон мен Ли Сянь Лун бұған назар аудармаған да сияқты. Бір қызығы ортақ селфиде Лукашенко да бой көрсетпеген. Оның себебі сол күйі белгісіз болып қалды. Ал Пашинянның келесі селфиі қымбат минивэннің ішінде түсірілген. Соңғы қатарда кешігіп келген Путин отыр.
Тоқаевтың телефонына үңілген кім?
Ал ресми кездесулер 1951 жылы кеңес одағы кезінде салынған Армения президентінің резиденциясында өтті. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына келген әріптестерін, Никол Пашинянның өзі сарайының алдынан жеке өзі күтіп алды. Халықаралық протоколға салсақ, бұл үлкен құрмет. Армения тарапы жасаған протокол бойынша, президенттердің түскен ресми фотоларында Тоқаев пен Жиенбековтің үнемі бірге жүргенін байқауға болады. Мәселен, төмендегі фотода Қасым-Жомарт Тоқаев жиын алдында ұялы телефонына үңіліп отыр. Соған қарағанда, елдегі соңғы жаңалықтарды оқып отырса керек. Оған ауық-ауық Сооронбай Жиенбеков үңіліп қояды.
Ереваннан естелік
Ресми жиындар аяқталған бойда, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ереван көшелерін аралаған. Оның көшеде жүрген фотосын мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жариялады.
Ал Сингапур премьері мүлдем таңқалдырды. Әлемдегі ең бай мемлекеттің басшысы Ли Сянь Лун Instagram-дағы ресми парақшасында түнгі Ереванның әдемі көріністерін жариялады. Арасында қамыр илеп тұрған әйел мен базардан түсірілген фотолар бар. Лунның өзі атақты Ли Куан Ю-дің ұлы.
Айта кетейік, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения мен Қырғызстан мүше. Бұл елдермен Вьетнам, Иран, Қытай, Куба еркін сауда аймағын құрып үлгерді. Бақылаушы мәртебесіне Молодова ие. Еревандағы келіссөздер кезінде Сингапур да еркін сауда аймағын құру жайында уағдаластыққа қол жеткізді.
Ербол Ертөре, Нұр-Сұлтан