Саясаттанушы Айдос Сарым Павлодар өңіріне басшы болып барған жаңа әкім туралы пікірімен бөлісті
Бүгін президент жарлығымен Павлодар облысының әкімі болып Әбілқайыр Сқақов тағайындалды. Ол 25 жыл бойы салық саласында жұмыс істеп келеді. Ә.Сқақов бұған дейін түрлі басшылық қызметтерде болғанымен әкім ретінде алғашқы рет бағын сынағалы тұр. Осыған орай Azattyq ruhy tv саясаттанушы Айдос Сарымның пікірін білген еді.
«Жаңа әкім ең алдымен не істеуі керек?» деген сұраққа саясаттанушы қысқа да нұсқа жауап берді.
«Қазақстанда үлкен шикізаттық компанияларға «байланған» 5-6 аймақ бар. Павлодар облысының экономикасын жасап отырған - әйгілі Машкеевичтердің тобы. Бюджетке салық сол шиікзаттық компаниялардан түсіп отыр. Солармен дұрыс қарым-қатынас орнатып, түсімді көбейтсе. Қасына дұрыс адамдарды жиып, жергілікті нарықты білетін азаматтарды тартса. Бізде кеңес заманынан қалған «шаруақор әкім» деген түсінік бар. Меніңше, әкім алдымен саясаткер болуы керек. Яғни, халықпен тығыз араласып, элитамен де дұрыс қарым-қатынас орнату қажет. Ол - жоғары білімнен емес, мінезден», - дейді Айдос Сарым.
Сонымен қатар, саясаттанушы Павлодар өңірінде қордаланған бірқатар проблемаларды да атады.
«Солтүстік аймақ, әсіресе Павлодардың халқы өсіп жатқан жоқ. Өзге этностар көшіп, жастар қалмай бара жатыр. Қандастарды тартып, жас мамандарды шақырса, экономиканың еңсесі көтеріледі. Шаруа көп. Жалпы, бұл өзінің бөлек болмысы бар облыс қой. Тұйық. Соны аша білу керек», - деп сөзін түйіндеді Айдос Сарым.
Сұқбаттың аудио нұсқасы сілтемеде.